TOP-2Экономика

Теңге бағамы: доллар мен еуро арзандап, юань мен рубль азырақ құбылды

Ұлттық банк жыл басынан бері теңгенің өзге валюталарға шаққандағы бағамы қалай нығайғаны туралы статистиканы жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

1 қаңтардағы бағаммен салыстырғанда доллар шамамен 38 теңге, еуро 47 теңгеден астам арзандаған.
Жыл басында доллардың ресми бағамы 507,64 теңге болса, мамыр айында 469,52 теңгеге дейін төмендеді. Сонда бес айдың ішінде АҚШ валютасы шамамен 38 теңге немесе 7,5% арзандаған.

Қаңтарда еуро бағамы 595,43 теңге болса, мамырда 547,94 теңгеге дейін түскен. Бұл шамамен 47,5 теңге немесе 8% төмендеу деген сөз.

Қытай юаны мен Ресей рубліне қатысты бағам баяу құбылды. Юань бес айда шамамен 5,2% арзандаса, рубль бағамы айтарлықтай өзгермеген.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Динамикаға қарағанда, теңгенің негізгі нығаю кезеңі қаңтар мен сәуір аралығында жүрген. Мысалы, доллар бағамы қаңтардағы 507,64 теңгеден сәуірде 469,15 теңгеге дейін түскен. Мамыр айында өзгеріс баяулап, бағам іс жүзінде тұрақтанған.

Қырғыз сомы, өзбек сумы, грузин лариі және әзербайжан манаты сияқты өңірлік валюталар да теңгеге қарағанда арзандаған.

Дегенмен валюта бағамының өзгеруі экономикаға әртүрлі әсер етеді. Импортпен айналысатын компаниялар мен шетелден тауар әкелетін бизнес үшін бұл тиімді болуы мүмкін. Ал экспортқа тәуелді сектордың кірістеріне күшті теңге қысым көрсетуі ықтимал.

Back to top button