Жаңалықтар

Батыс Қазақстандағы тың жобалар: өңірдің су және жылу жүйелері қалай жаңғыртылып жатыр

Батыс Қазақстан облысында «МЭКС» ұлттық жобасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жылу, су және электр желілері саласындағы негізгі жобалардың жүзеге асу барысын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тексерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өңірде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жылумен жабдықтау, электрмен қамту, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы жобалар іске асырылып жатыр.

Жаңғыртылып жатқан негізгі нысандардың бірі – Орал қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін «ЖайықТеплоЭнерго» АҚ. Қазіргі таңда кәсіпорын тәуекел деңгейі бойынша «қызыл аймақта» тұр. Жаңғырту аясында 2029 жылға дейін тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға дейін төмендетіп, нысанды «сары аймаққа» шығару жоспарланған.

Сонымен қатар тозу деңгейі 65%-ды құрайтын ұзындығы 1,8 шақырым болатын №7 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. ЖЭО 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру желілердің тозуын азайтып, жүйенің өткізу қабілетін арттыруға және пайдалану шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.

Келесі нысан ретінде вице-премьер Зачаганск кентіндегі №29 кәріз-сорғы станциясына барды. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының 40%-ы орындалған. Жобаның құны — 1,7 млрд теңге. Жаңғырту аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың соңына қарай станция тәулігіне 14 700 текше метрге дейін ағынды суды айдай алады. Бұл су бұру жүйесінің сенімділігін арттырып, жаңа абоненттерді қосуға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін вице-премьер «Батыс Қазақстан өңірлік электржелілік компаниясы» ЖШС-нің қалалық электр желілері кешеніне барды. Мұнда ұзындығы 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңнен тұратын жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта алғашқы екі кезең аяқталған, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Қанат Бозымбаев жаңғырту жұмыстарының қазіргі қарқыны сақталса, өңірдегі коммуналдық инфрақұрылымның жүйелі мәселелерін шешуге және энергиямен қамту сенімділігін арттыруға болатынын атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеген.

Сапар барысында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылды. Жобаларда қазақстандық темірбетон бағандары, кабель-сым өнімдері, металл конструкциялар, трансформаторлық қосалқы станциялар, полиэтилен құбырлар және өзге де жабдықтар пайдаланылуда. Кейбір нысандар бойынша қазақстандық қамту үлесі 80–99%-ға дейін жетеді. 29 мамырдағы жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысы бойынша МЭКС электронды платформасында жалпы сомасы 113,7 млрд теңгені құрайтын 38 жоба тіркелген. Қазіргі таңда жалпы құны 21,9 млрд теңге болатын 10 пилоттық жоба белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.

Back to top button