Жаңалықтар

“Бес ай кешіккен айлығымды мұқтаж балаларға аударамын”: Шайдоров тағы үн қатты

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақы төлемдерінің кешігуі мен келісімшартқа қатысты мәселелер бойынша Спорт министрлігінің түсініктемесіне жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Спортшы қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, мемлекеттік органдармен «айтысқа түскісі келмейтінін», алайда өз есімінің «қараланып кетуіне жол бере алмайтынын» мәлімдеді.

«Мәселенің мән-жайын нақтылап өткім келеді. Иә, бүгінгі күнге дейін маған еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі табысталған жоқ. Мен бұл нормативті 2025 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған кезде орындадым. Қажетті рәсімдердің барлығынан өттім, бірақ куәлікті әлі алған жоқпын. Маған қызыл кілем төселген салтанатты рәсімнің қажеті жоқ, куәлікті пошта арқылы конвертпен де қабылдауға дайынмын. Бұл куәлік – он жылдық еңбегімнің нәтижесі, менің жетістігім әрі мұрам», – деп жазды Шайдоров Threads парақшасында.

Сонымен қатар ол Олимпиада ойындарындағы жүлдеақы төлемдеріне қатысты сұрағы жоғын айтты, өйткені мұндай рәсімдер белгілі бір уақытты талап етеді. Спортшы бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанына сенім білдірді.

Өмір бойы төленетін төлемдер туралы сөз қозғаған Шайдоров министрліктің жауабындағы сәйкессіздіктерге назар аударды.

«Министрлік жауап беруге асыққан сияқты, себебі бұл ақпарат толықтай шындыққа жанаспайды. Мен бұл төлемдерді тек 20 жыл еңбек өтіліне жеткен кезде ғана ала аламын, ал қазір мен небәрі 21 жастамын. Қазіргі уақытта мұндай төлемдерге үміт артып отырған жоқпын. Мүмкін, болашақта қажетті еңбек өтілін жинақтармын, бірақ әзірге бұл туралы айтуға ерте. Алда әлі көп жұмыс бар, оған лайық болып, соған жету керек», – деді спортшы.

Жаңа келісімшарт туралы айтқан чемпион олардың командасы тек 2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде жеңіске жету туралы тармақты қайта қарауды сұрағанын атап өтті.

«Біз заңдық тұрғыдан осы тармақты қайта қарауды ғана сұрадық, себебі бұл қисынсыз әрі мүмкін емес талап. Мен 2026 жылы тек төрт жылдан кейін өтетін Олимпиадада жеңіске жете алмаймын ғой. Біз бұл сұрақтарды заңгерлерге қойып, аталған тармақты қайта қарауды өтіндік. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жүргендей, осы күнге дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Қазір болып жатқан жағдайларды ескере отырып, барлық төлемдер, келісімшарт жасасу және өзге де мәселелер әдейі созбалаңға салынды деп ойлаймын. Сондықтан бұл туралы ашық айтуға мәжбүр болдым», – деп атап өтті Шайдоров.

Үндеуінің соңында мәнерлеп сырғанаушы спорт шенеуніктері бес ай бойы кешіктірілген жалақы қарызын толық өтегеннен кейін, түскен қаражаттың барлығын Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылыққа және мұқтаж балаларға көмек көрсетуге аударатынын мәлімдеді.

Back to top button