ЖаңалықтарТергеу

«Әйеліне агрессия көрсеткен емес»: Сәрсемәлиевтің әкесі сотқа келді

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бір отбасындағы төрт адамды өлтіру ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ӘКЕСІН КӨРГЕНДЕ ҚОБАЛЖЫП КЕТТІ

Басты күдікті – отбасының күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев. Бүгін оның ата-анасы сотта куәгер ретінде түсінік берді.

Алдымен сотталушының әкесі – Самиғолла Сәрсемалиев сот залына шақырылды. Анықталғандай, егде тартқан адамның есту қабілеті нашар және аяғындағы жарақатына байланысты қозғалысы қиындаған.

Ол сот залына келгенде сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев қобалжып кетті.

СҰЛТАН ӘЙЕЛІМЕН ЖИІ ҰРСЫСТЫ МА

Сотталушының әкесі сотқа Сәрсемалиевтер отбасында төрт бала бар екенін, айып тағылған ұлының кенжесі екенін мәлімдеді. Қарт адам әрі қарай сотқа ұлы мен оның жұбайы – ажал құшқан ерлі-зайыптылардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның арақатынасы туралы айтып берді.

“Ұлым балаларына да, әйеліне де агрессия көрсеткен емес. Олардың арасында ұрыс-керіс болған жоқ, Сұлтан үй ішіндегілерге әркез сыпайы әрі сабырлы қарайтын”, – деді айыпталушының әкесі сотта.

Back to top button