Оқиға
Қордайдағы СОБР қызметкерінің өлімі: полиция мәлімдеме жасады
Жамбыл облысындағы СОБР қызметкерінің өліміне қатысты полиция мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қордай аудандық полиция бөлімінің ғимаратында қаза тапқан арнайы жасақ қызметкерінің ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тексеріс те тағайындалған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жағдай қызметтік міндетін атқарумен байланысты емес», – деп мәлімдеді Жамбыл облысының полиция департаменті.
Еске салайық, бұған дейін Қордай аудандық полиция бөлімінде СОБР қызметкерінің өз-өзіне оқ атқаны хабарланған еді.