TOP-2Жаңалықтар

Қазақстанда бет-жүзін жасырып жүретін мыңнан аса адам жазаланды

Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның жүзін жабатын киім кигені үшін 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі тұлғаны көзбен тануға кедергі келтіретін киім элементтерін пайдалануға қатысты заңнамалық тыйымның сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған құқықтық норма «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңның 75-бабының 3-тармағымен реттеледі. Заңнамаға сәйкес, адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтіндей деңгейде жүзін жабатын кез келген киімді қоғамдық орындарда кию құқықбұзушылық болып саналады. Алайда заңда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған: егер бетті жабу қолайсыз ауа райы жағдайларына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға немесе азаматтардың ресми спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуына байланысты болса, тыйым қолданылмайды.

Бұл әрекет үшін әкімшілік жаза Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабымен реттеледі. Алғаш рет құқық бұзушылық тіркелген жағдайда азаматқа ресми ескерту жасалады. Ал егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалса, тәртіп бұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Ішкі істер министрлігінде енгізіліп жатқан шаралардың тек реттеушілік сипатқа ие екені және олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ғана бағытталғаны ерекше атап өтілді. Ішкі істер органдары Заң мен Тәртіп қағидаттарын сақтаудың маңызын еске салып, тұрғындарды қоғамдық орындарда болу ережелерін қатаң ұстануға шақырды.

Back to top button