Мемкірістер комитеті салықтан жалтарған 263 компанияның схемасын әшкереледі
Қазақстанда қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты күмәнді схемаларды пайдаланған 263 компания анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, соңғы жылдары бизнесті қайта ұйымдастыру тетігі салық міндеттемелерінен жалтару құралына айналған. Әсіресе, ҚҚС бойынша артық сомаларды қолдану фактілері жиілеген.
МКК дерегіне сәйкес, 2021-2024 жылдар аралығында 263 заңды тұлға қайта ұйымдастыру кезінде ҚҚС-тың артық сомасын пайдаланып, жалпы көлемі 31,7 млрд теңгеге жететін схема қолданған.
«Салық кодексі нормаларына сәйкес аталған сомалар есептен шығарылды. Соның нәтижесінде бюджетке 3 млрд теңге түсті, сондай-ақ ҚҚС бойынша артық сома 20 млрд теңгеге қысқартылды», – деп мәлімдеді комитеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 18 шілдеде президент жаңа Салық кодексіне және салық мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық түзетулерге қол қойған болатын.
ҚҚС – тауар мен қызмет сатып алу кезінде төленетін негізгі жанама салықтардың бірі. Билік бұл салықтағы өзгерістер экономиканы қолдауға және бизнесті дамытуға бағытталғанын айтып келеді.