Бейімбет Майлиннің ескерткішіне мінген бойжеткен жауапқа тартылды
Полиция қызметкерлері ұлы жазушының ескерткішін қорлаған қыздың кім екенін анықтады.
Астана полиция департаменті елордада Бейімбет Майлиннің ескерткішіне мініп алған бойжеткеннің кім екенін анықтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға Жазушылар аллеясында, көрнекті қазақ жазушылары Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіровке арналған «Үш Арыс» ескерткіші орналасқан жерде болған. Бейнежазба жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары ескерткіштің төбесіне шығып, аяғын салбыратын отырған қыздың әрекеттерін қатты сынға алып, оны жауапкершілікке тартуды талап еткен болатын.
«Әлеуметтік желілерде қыздың Бейімбет Майлин ескерткішіне суретке түсіп, мәдени нысан мен қоғамдық кеңістікке құрметсіздік көрсеткені көрсетілген бейнежазба тарады. 18 жастағы Астана тұрғыны Байқоңыр аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Заң бұзушыға ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылды. Іс шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», – деп хабарлады полиция.