Қарызға кіріп құрбандық шалмаңыз – Нұрлан имам
Дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы биыл мал бағасының қымбаттауына байланысты құрбандықтың отбасы жағдайына қарай шалынса болатынын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, соңғы уақытта төрт түлік бағасы айтарлықтай өскен. Сондықтан әр отбасы құрбандық мәселесіне шынайы қаржылық жағдайына қарай қарауы керек.
«Онсыз да қарыз болып жүрген отбасылар қарыздың үстіне қарыз жамамаса екен. Құрбандық шалудан да басқа жақсы сауапты амалдар көп: бауырмалдық орнату, кешірім, мейірім, қамқорлық, ұлттық киім кию, тазалық, тәртіп, тал егу», – деді ол.
Имам құрбандыққа қандай мал шалынатынына да тоқталды. Оның сөзінше, тауық, кептер, үндiк секілді құстар құрбандыққа жарамайды. Исламда тек төрт түлік – қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандық ретінде шалынады.
Сондай-ақ ол сойылған малдың етін тарату мәселесіне қатысты да пікір білдірді.
«Сойылған малдың етін не істейтіні құрбан шалған адамның өз ықтиярында. Толық таратып жіберсе де болады, толық өзіне қалдырса да болады немесе қонақ шақыра алады. Бірақ ең жақсысы – үшке бөлу», – деді Нұрлан Байжігітұлы.
Айта кетейік, бүгін қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күніне орай Қазақстанның барлық мешіттерінде айт намазы оқылды.