Кортеж, 101 раушан, тікұшақ: мектеп түлектері соңғы қоңырауды қалай өткізді
Биыл Қазақстандағы мектеп түлектері соңғы қоңырауды барынша сән-салтанатымен өткізді.
Әлеуметтік желіде соңғы қоңырау күні мектеп түлектері көлік шеруін жасап, 10001 роза сыйға алып, тіпті тікұшақ маңында фотосессия жасаған түрлі видеожазбалар бар. Tizgin.kz тілшісі әлеуметтік желіге салынған соңғы қоңыраудағы естеліктерге шолу жасады.
Ақтаудағы №28 мектеп түлектері видеожазбада алғашқы сөзін «Либо обычный выпускной, либо контент года!» деп бастаса, ары қарай мектеп түлектерінің көлік шеруіне қатысқандарын көре аласыздар.
Ақтаудағы №60 мектебінің түлектері Каспий теңізінде кемемен серуендесе, Астанадағы №98 мектеп-лицейінің түлектері лимузинмен қаланы аралады.
Ал Жаңаөзендегі №21 мектептің түлектері түсірген видеожазбадан 15 шақты ақ түсті Lexus маркалы көлікпен шеру болғанын көруге болады.
Сондай-ақ, Жаңаөзендегі №3 мектеп түлектері «Понттың қандай екенін көрсетеміз» деп, 20-ға жуық қара және ақ түсті Lexus маркалы көлікпен шеру жасады.
Шымкенттегі «Жалын» мектебінің түлектері тікұшақпен фотосессия жасады.
Биыл соңғы қоңыраудың тағы бір ерекшелігі – құшақ-құшақ гүл шоқтары. Соңғы қоңырау емес, гүл шеруі дерсіз. 10 тал емес, 100 тал емес, 1000 тал гүлді сыйлыққа алып, қуанышқа бөленіп тұрған мектеп түлектеріне қатысты әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан әртүрлі пікір жазылды.
Мына видеожазбадан гортензия гүліне көмкерілген мектеп түлегін көре аласыз:
Ал Шымкент қаласындағы мектепте түсірілген мына видеожазбада мектеп түлегі 1001 раушан гүлін сыйға алды.
Аты аталмаған бұл мектеп түлегіне ағасы бір құшаққа сыймайтын, 3 ер адам әрең көтерген әдемі гүл шоқтарын сыйлады.
Кейбір оқырман «Соңғы қоңырау емес, даңғойлардың жәрмеңкесіне ұқсайды», «Кодилак, крузак, кортеж, тікұшақ… бірақ ертең аялдамада автобус күтіп тұрасыңдар», «Соңғы қоңырауда тойға айналдырып жіберіпті, тіпті үйлену тойында осынша гүл сыйламайды» деп көңіл толмастық білдірсе, кей оқырман «Мен бұл мектеп түлектері үшін қуаныштымын. Қолдан келсе – мақтансын. Бұл – жастық шақ және ол қайтып оралмайды. Осындай мүмкіндік болғаны қандай керемет, демек ата-аналарының жағдайы болып тұр ғой. Құрбан күйде болмай, осындай қуанышқа ортақтаса білейік» деп ризашылық білдірген.
Тележүргізуші, журналист Айгүл Мүкей осы көріністерге қатысты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.
«Мектепте түлектерге үлкен-үлкен гүл шоқтарын сыйлады. Бұл гүлдерді түлектерге ата-аналары алып келген бе, әлде мектеп түлектері ата-анасының көмегімен өздері сатып алған ба – ол жағын білмедім. Бұл туралы, тіпті, пікір білдіргім келмейді. Бұл сығандардың тойына ұқсап кетті. Бұл – талғамның жоқтығы деп ойлаймын. Бұл ақылға да сыймайды, әдемі де, сәнді де емес. Сөзім жоқ», – дейді ол.
Еске сала кетсек, Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп түлектерінің ата-аналарынан ақша жинауға қатысты пікір білдірген болатын. Ол түлектер кешін өткізуге тыйым салынғанмен, іс жүзінде бақылау оңай емес екендігін айтты.
«Тәуекелдерге келетін болсақ: қымбат мейрамхана, қымбат лимузиндерді жалдап, соның салдарынан жол апаттары болуы мүмкін екеніне көңіл бөлмей қоюға болмайды. Жақында маған ата-аналар түлектер кешін ұйымдастыру үшін 500 мың теңгеден жинап жатқаны туралы хат келді. Одан да көп теңге жинап жатқан ата-аналар бар. Бұл – әр отбасының қалтасы көтеретін қаражат емес. Мұны мектеп мәжбүрлеп жатқан жоқ, ата-аналардың өздері өздері отыратын чаттарға жазады. Біреуі бастайды, қалғаны – қостайды. Біреуінің қалтасы көтереді, біреуінің қалтасы көтермейді. Кей азаматтар, тіпті, той жасайды. Оқушының мектеп бітіруімен өмір бітіп қалмайды, бұған рационалды түрде қарауымыз керек», – дейді ол.
Биылғы соңғы қоңырау мәжіліс депутаты айтқан сөзді растады десек болады. Соңғы қоңырау сән-салтанатымен, кейде, тіпті, жарысу түрінде өтті деуге болады. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?