Елде биыл шамамен 4 миллионға жуық оқушы оқу жылын аяқтайды. Мектеп түлектері үшін бітіру іс-шараларын өткізу тек білім беру ұйымдарының базасында көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министр мәліметіне сәйкес, биыл ел бойынша 3,9 млн оқушы білім алған. Оның ішінде 343 мың оқушы 9-сыныпты, ал 215 мың түлек 11-сыныпты аяқтайды.
Сондай-ақ биыл “Алтын белгіге” 13 175 оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша 18 555 оқушы, 9-сынып бойынша 31 181 оқушы “Үздік аттестаттан” үмітті. Ал колледждерде 168 мың студент оқуын тәмамдайды.
9 және 11-сынып түлектерінің қорытынды аттестаттауы 29 мамыр мен 15 маусым аралығында өтеді. Министрлік емтихан материалдары академиялық адалдықты сақтау үшін білім беру ұйымдарына емтихан өтетін күні ғана жіберілетінін мәлімдеді.
Жұлдыз Сүлейменова биыл мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі қатаңдатылғанын ерекше атап өтті.
“11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу тапсырылды. Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды”, – деді министр.
Министрдің сөзінше, бұл мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлескен бұйрық қабылдаған. Енді әкімдіктер мен полиция органдары мектеп бітіру іс-шараларын бақылауды күшейтпек.