Теңгенің нығаюы қарызы 4 трлн теңгеден асатын ҚТЖ-ға қалай әсер етті
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өкілдерінің сөзінше, қазіргі девальвация компанияға тиімді болып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
КӨШЕРОВ КОМПАНИЯ ҚАРЫЗЫ ТУРАЛЫ
Ресми ақпаратпен компанияның қаржы жөніндегі басқарушы директоры Дайыр Көшеров бөлісті.
«Бізде қарыз жүктемесі нормативтік деңгейде. Қарыздың EBITDA-ға қатынасына сәйкес негізгі коэффициент өткен жылдың соңында 3,7 деңгейінде болды. Қазір біздегі қарыз көлемі 4,4 трлн теңге», – деді ол «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінде.
“ДЕВАЛЬВАЦИЯ КЕЗІНДЕ БІЗ ҰТАМЫЗ”
Компания өкілі теңгенің нығаюы ұлттық компания үшін оң әсер еткенін атап өтті.
«Әрине, девальвация кезінде бізде курстық айырма бойынша бухгалтерлік қайта бағалау болады. Мәселен, биыл теңге ревальвациясы кезінде төрт айда 127 млрд теңге көлемінде оң курстық айырма тіркелді. Бұл бір мысал. Ал ақша ағыны тұрғысынан алсақ, девальвация кезінде біз ұтамыз. Себебі өткен жылы валюталық таза түсіміміз 1,3 млрд АҚШ долларына жетті. Яғни, девальвация жағдайында “Қазақстан темір жолы” ұтады», – деді Көшеров.
Оның айтуынша, инфрақұрылымы бар және жүк пен жолаушы тасымалын жүзеге асыратын теміржол компаниялары үшін ұқсас қарыз жүктемесі коэффициенті 4-8 аралығында құбылады. Осыған байланысты ҚТЖ қарызы нормативтік деңгейде деп бағаланып отыр, бұл компания рейтингтерімен де расталған.