«Кеудесін оққа төседі»: Дариға Бадықова ұстазы Болат Атабаевты есіне алды
Болат Атабаев 15 күн ішінде студенттеріне «Абай жолының» 4 томын оқып келу тапсырмасын берген.
Актриса, әрі продюсер Дариға Бадықова журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында ұстазы Болат Атабаевты еске алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Болат Атабаев – ерекше ұстаз. Ол бізден білімнен бұрын тәртіп талап ететін. Саясатпен айналысуға біліміміз жетпейтінін айтатын және саясатпен айналысуымызды қаламады. Адуынды, тілі ащы адам еді. Бізге 15 күн ішінде «Абай жолының» 4 томын оқып келу туралы тапсырма берді. Оқып келмесек – оқудан шығарылатынымызды айтты. Ол өзінің адуынды мінезінен, тілінің ащылығынан кеудесін оққа төсеген адам. Ол ас үй, диванның батыры емес, диванда жатып сын айтатын адам емес», – дейді Дариға Бадықова.
Ол Жаңаөзен оқиғасы кезінде «Көшкін» қойылымынан түскен қаражатты Болат Атабаев сол жаққа аударғанын айтты.
«Сол кезде өзімізде ақша жоқ, бірақ спектакльден түскен қаражатты Жаңаөзенге аудардық. Ол «Қайырымдылық деген осы» деп риза болды. Ол қолында барды бере салатын адам. Жаңаөзен оқиғасы саяси нәрсе екенін түсіндік, бірақ бізді араластырған жоқ. Ол «Саясатқа араласпасаңдар да өз позицияларыңды жеткізе алатын адам болсаңдаршы» деп айтатын. «Саясатқа араласпасаңдар да, өз позицияларыңды жеткізе алатын болыңдар» деп айтатын», – дейді ол.