
Еуропа одағы дипломатиясының басшысы Кая Каллас Ресейдің Украинаға қарсы «Орешник» зымыранын қолдануын «ядролық қарумен қоқан-лоқы көрсету» деп атады. Оның айтуынша, Мәскеу бейбіт тұрғындарды барынша көп қырып-жоюды көздеп, тұрғын аудандарға соққы жасап жатыр, деп хабарлайды DW.
Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ресейдің Украинаға жасаған соңғы шабуылдарын, соның ішінде «Орешник» атты орта қашықтықтағы баллистикалық зымыранды қолдануын «ядролық қарумен бейберекет қоқан-лоқы көрсету» деп атады. Ол бұл туралы 24 мамыр, жексенбі күні X платформасында жазды.
«Ресей майданда тығырыққа тірелді, сондықтан қала орталықтарына әдейі соққы жасап, Украинаны террорлап отыр. Бұл — мүмкіндігінше көп бейбіт тұрғынды өлтіруге бағытталған сұмдық террористік әрекеттер», — деді Каллас.
Оның сөзінше, Мәскеудің ядролық оқтұмсықтарды жеткізуге арналған «Орешник» жүйесін қолдануы — саяси қорқыту мен жауапсыз ядролық бопсалау.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің «Орешникті» алғаш рет Киев маңында қолданып, Киев облысындағы Біла Церква қаласына соққы жасағанын мәлімдеген болатын.
Соққының мән-жайы
Зымыран Астрахан облысындағы Капустин Яр сынақ полигонынан ұшырылған. Қолда бар мәліметке сәйкес, «Орешник» алты оқтұмсықпен жабдықталған, олардың әрқайсысында жеке субоқ-дәрілер болған. Жалпы саны — 36 оқтұмсық.
Ресей Қорғаныс министрлігі «Орешниктің» қолданылғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, Ресей әскері Украина тарапынан Ресейдегі бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылдарға жауап ретінде Украина аумағына жаппай соққы жасаған.
Сериялық өндіріс
Бұл — соғыс басталғалы бері «Орешниктің» үшінші рет қолданылуы. Бұған дейін зымыран 2024 жылы және 2026 жылдың қаңтарында пайдаланылған, алайда екі жағдайда да ішінде жарылғыш заты жоқ оқу-жаттығу оқтұмсықтары болған. Ол шабуылдар нақты залал келтіруден гөрі Украина мен оның батыстық серіктестеріне күш көрсету ретінде қабылданған еді.
Украина барлауы бұған дейін Ресейде үш-төрт қана «Орешник» зымыраны бар деп хабарлаған. Алайда Мәскеу 2026 жылы оларды сериялық өндіруді бастап, жылына кемінде бес дана шығаруды жоспарлап отыр.