TOP-1Жаңалықтар

Шахмұрат Мүтәліп ERG-дегі Шодиев пен Машкевичтің үлестерін сатып алды

Қазақстан кәсіпкері Шахмұрат Мүтәліп Eurasian Resources Group (ERG) компаниясындағы Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевичтің үлестерін сатып алды. Бұл туралы ERG компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

ERG мәліметінше, Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы топтың 39,3 пайыз акциясының иесі атанды.

Аталған үлестің:

  • 18,6 пайызы — кәсіпкер Патох Шодиевке,
  • 20,7 пайызы — Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі болған.

Осылайша, мәміле нәтижесінде компания акционерлерінің құрылымы өзгерді.

ERG өкілдері акционерлік құрамдағы өзгерістер өндіріс процесіне әсер етпейтінін мәлімдеді. Компанияның барлық кәсіпорындары штаттық режимде жұмысын жалғастыра береді.

Сондай-ақ қызметкерлер, серіктестер және мемлекет алдындағы барлық міндеттемелер толық көлемде сақталатыны атап өтілді.

Компания жаңа акционерлік құрылым бизнестің тұрақтылығын арттырып, корпоративтік басқару жүйесін күшейтуге және ұзақмерзімді даму жоспарларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Бұған дейін қандай ақпарат тараған еді?

Мамыр айының басында Financial Times басылымы Eurasian Resources Group холдингінің «ішінара мемлекет меншігіне өтуі мүмкін» екенін жазған болатын. Басылым дерегінше, акционерлердің кезектен тыс жиналысында холдингтің бас директоры қызметіне Роман Склярдың кандидатурасы қаралуы ықтимал екені айтылған.

ERG туралы

Eurasian Resources Group — феррохром мен кобальт өндіру бойынша әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Сонымен қатар халықаралық мыс нарығында да маңызды ойыншылардың қатарында.

Шахмұрат Мүтәліп — қазақстандық кәсіпкер, Қазақстан бокс федерациясының президенті. 2022 жылдан бері ол «Integra Construction KZ» ЖШС-нің қатысушысы әрі түпкі бенефициары.

Back to top button