TOP-2Білім

Қазақстандағы әр 15-ші мектеп директорсыз жұмыс істеп жатыр

Қазақстанда соңғы жылдары мектеп директорларының тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Қазір ел бойынша мемлекеттік мектептерде 438 директорлық бос орын бар, оның басым бөлігі ауылдық жерлерге тиесілі. Бұл туралы вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Вице-премьердің мәліметінше, соңғы үш жылда бос лауазымдар саны айтарлықтай қысқарған. Мәселен, 2024 жылы мектеп директорлары бойынша 935 вакансия тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 830-ға дейін төмендеген.

«Қазіргі таңда мемлекеттік мектептерде директорлардың 438 бос лауазымы бар. Оның ішінде 385-і ауыл мектептерінде, 53-і қала мектептерінде тіркелген», – деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, өңірлерде өткен көшпелі кеңестер барысында мектеп директорларын тағайындау және іріктеу мәселелері арнайы қаралған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне шағын жинақты мектеп директорларына қойылатын талаптарды қайта қарау тапсырылған.

Қазір педагогикалық лауазымдардың үлгілік біліктілік сипаттамаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

«Жоба аясында “педагог-сарапшы” санаты бойынша талапты “педагог-модератор” деңгейіне дейін төмендету, сондай-ақ педагогикалық еңбек өтілін бес жылдан үш жылға дейін қысқарту жоспарланған», – делінген жауапта.

Сонымен қатар, мектеп директорларының бос орындарын жедел толықтыру үшін республикалық кадр резерві құрылған. Үш жыл ішінде бұл жоба аясында 927 басқарушы кадр даярланған. Оның 777-сі – директордың орынбасарлары, ал 150-і – педагогтер.

«Кадр резервіне енген үміткерлер конкурс рәсімдерінсіз-ақ басшылық қызметтерге тағайындала алады. Бұл кадр тапшылығына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Жауапта мектеп директорлары мен азаматтық қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру шаралары да сөз болды. Министрдің мәліметінше, 2022 жылдан бері жалақы жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіріліп отырған.

«Соның нәтижесінде төрт жыл ішінде олардың жалақысы екі есеге өсті», – деді Аида Балаева.

Алайда Үкімет 2028 жылдың соңына дейін бюджетке қосымша салмақ түсіретін жаңа бастамаларға мораторий енгізгенін де еске салды. Соған қарамастан, билік мектеп директорлары тапшылығын азайту және басқарушы кадрлардың сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Back to top button