TOP-2Қоғам

Журналист Ботагөз Омарованың үстінен қозғалған іс тоқтатылды

Журналист Ботагөз Омароваға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Ақпаратты адвокаты Толқын Әбілова растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Еске салайық, журналист Ботагөз Омарова наурызда полицияға шақырылып, артынша екі айға үйқамағына жіберілген еді. Ал екі айдан кейін ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Омароваға қатысты тергеу аяқталып, іс жақында сотқа жолданатынын айтқан.

Ботагөз Омарованың үстінен қозғалған қылмыстық кодекстің 274 бабы жалған ақпарат таратуға қатысты. Бірақ журналистер мұндай бап болуы қысым көрсетудің, қудалаудың құралына айналды деп есептейді. БАҚ өкілдері заң ережесін қайта қарап, оны қылмыстық құқық бұзушылық санатынан шығаруды бұған дейін сұраған.

Омарова ұсталған кезде бір топ әріптестері Президентке үндеу жолдап, істің объективті түрде қаралуын сұраған.

Жұмаға қараған түні журналист Ботагөз Омарованың телеграм-арнасында “ВД Строй-инжиниринг” компаниясы мен оның басшысы Азамат Өсімбеков туралы бұған дейін жариялаған мәліметтерді жоққа шығарған мәлімдеме жарияланды. Ондағы ақпаратқа қарағанда, журналист компанияның “қарызы жоғын растайтын құжаттармен” танысса да, “дұрыс емес мәліметті жариялаған”.

Жазба авторы “объективтілік пен шынайылық принциптерін бұзғанын” мойындап, мұны “жазылушылар санын көбейтіп, аудиторияның аталған тақырыпқа қызығушылығын тудыру үшін” жасағанын айтады.
Бұдан бөлек, Омарова компания мен оның басшылығы, өзінің аудиториясынан кешірім сұрап, материалдар олардың беделіне нұқсан келтіргенін мойындаған. Жазба соңында автор әріптестерін “кәсібилікті сақтап, ақпаратты тексеруге” шақырады.

Бұған дейін адвокат Толқын Әбілова журналист Омарова кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан жәбірленуші тараппен мәмілеге келуге дайын екенін айтқанын жеткізген.

Back to top button