Қазақстан Қытаймен 145 млрд теңгеге инвестициялық келісім жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов қалдықтарды энергияға айналдыру саласында ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар жетекші қытайлық компаниялардың бірі – Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесі төрағасы Дай Даогомен кездесті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ
Primeminister.kz ақпаратынша, аталған кездесу бұған дейін өткізілген диалогтің жалғасы болды. Оның қорытындысында Алматыда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату туралы инвестициялық келісім жасалды.
Бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды: инвестициялардың жалпы көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жүзеге асырылып жатқан жобаның маңыздылығын атап өтіп, елдің жаңа Конституциясында бекітілген басымдықтардың бірі – қоршаған ортаны қорғау екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметтің алдында инвестициялар мен озық технологияларды тарта отырып, экологиялық жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырза бізге экономикалық қатынастарды дамыту үшін зор мүмкіндіктер жасап отыр. Қытай Халық Республикасы – біздің негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Hunan компаниясының Қазақстан нарығына келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің былтырғы кездесуіміз барысында еліміз үшін осы маңызды жобаға жақсы серпін берілген болатын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

ЖҰМЫС ЕКІ ЖЫЛДА БІТЕ МЕ
Директорлар кеңесі төрағасы Дай Даого 29 мамырда құрылыс басталатынын хабарлады. Нысан екі жыл ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба ТҚҚ өңдеудің анағұрлым заманауи моделін енгізуді көздейді – яғни оларды кейіннен электр энергиясына айналдыра отырып қайта өңдеу қарастырылған. Зауыттың іске қосылуы жылына шамамен 200 мың тонна CO₂ шығарындыларын азайтуға, полигон көлемін жыл сайын шамамен 800 мың текше метр үнемдеуге және «жасыл» энергияны тұрақты өндіруге ықпал етеді. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша жұмыс орны құрылады, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Біз екі жыл ішінде барлық жұмысты толық аяқтайтынымызға сенімдіміз. Қазақстан Президенті мен Үкіметі тарапынан елдің “жасыл” дамуына қатысты үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Біз Қазақстанның “жасыл” дамуына және инвестиция тартуға нақты үлес қосатын ірі жоба болу үшін ұмтылып, сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз», — деді директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого.
БЕКТЕНОВ БЕРГЕН ТАПСЫРМА
Жоба сонымен қатар сенімді электрмен жабдықтауды, цифрлық шешімдер үшін энергияны пайдалануды және қыста өнеркәсіптік тұтынушылар мен қалалық қажеттіліктерге таза жылу беруді қамтамасыз ететін үш «жасыл» орталықты құруды көздейді. Бұдан бөлек, технологияларды енгізуге, қосалқы бөлшектер өндірісін локализациялауға, жергілікті мамандарды даярлауға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған үш базаны қалыптастыру жоспарлануда.
Кездесу қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов салалық мемлекеттік органдарға жобаны уақтылы пайдалануға беру үшін одан әрі сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.