Жаңалықтар

Астана кафелері жұртқа иттің етін бергені рас па – ветеринария қызметі жауап берді

Әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті жаппай жеткізіліп, сатылып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда «Астана Ветсервис» ШЖҚ КМК бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп жазады Tizgin.kz.

Мекеме өкілдерінің айтуынша, алғашқы жарияланымдар 2023 жылы Ақмола облысында анықталған жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына қатысты оқиғалармен байланысты.

Сол кезде құқық қорғау органдары тиісті тергеу жүргізіп, сот кінәлілерге жаза тағайындаған.

Ветеринарлық қызметтің мәліметінше, қазіргі таңда Астана қаласында мейрамханаларда, кафелер мен асханаларда мұндай өнімнің жеткізілгені, сатылғаны немесе пайдаланылғаны туралы ресми түрде расталған бірде-бір дерек жоқ.

«Елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіледі. Оның ішінде ілеспе құжаттарды тексеру, жеткізушілерді мониторингтеу және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау шаралары бар», – деп хабарлады ветеринарлық қызмет өкілдері.

Back to top button