Семейлік мектеп оқушысы ғылыми жобаға авторлық құқық алды
Бұл жоба заманауи машиналық оқыту әдістері мен қаржы нарығын талдау құралдарын біріктіреді.
Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ерзат Маметаев жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, акция бағаларын болжауға арналған интеллектуалды платформа – FinPredict зерттеу жобасының авторлық құқығын алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Семей қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба заманауи машиналық оқыту әдістері мен қаржы нарығын талдау құралдарын біріктіреді. Акция бағаларын болжау үшін автор нарықтағы өзгерістерді талдауға және үлкен деректер жиынтығына негізделген болжамдар жасауға мүмкіндік беретін SARIMAX, Prophet және LSTM модельдерін пайдаланды.
Платформа техникалық талдау мүмкіндіктерін, ағымдағы нарық жаңалықтарын бақылауды, ақылды баға ескертулерін және қазақстандық акцияларды бақылауды қамтиды.
Жоба авторының айтуынша, FinPredict-тің негізгі мақсаты – қаржылық сауаттылықты дамытуға және пайдаланушылар арасында қаржы нарығын талдауға қызығушылықты арттыруға бағытталған қолжетімді және тегін сандық құралды жасау. Зерттеуінің бөлігі ретінде Ерзат халықаралық және қазақстандық акциялармен жұмыс істеуге бейімделген Python веб-платформасын жасады.
Оқушының зерттеуі сарапшылар қауымдастығынан жоғары баға алды. FinPredict жобасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің онлайн зерттеу жобалары байқауында бірінші орын алды, сондай-ақ 11-12 сынып оқушылары арасында математика және механика бойынша Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық зерттеу жобалары байқауында жеңіске жетті.