Ұлттық банктің ресми дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның екінші деңгейлі банктері 592,3 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл бірінші тоқсанда банктердің таза пайдасы 664 млрд теңге болған еді. Осылайша, бір жыл ішінде банк секторының таза пайдасы 71,8 млрд теңге немесе 10,8% азайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Соған қарамастан банктердің жалпы қаржылық айналымы өскен. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында сектордың жиынтық кірісі 24,96 трлн теңгеге жетті. Былтыр дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 24,11 трлн теңге болған. Яғни, жалпы кіріс бір жылда 855 млрд теңге немесе 3,5% артқан. Алайда шығыстардың жоғары қарқыны таза пайданы азайтып жіберген. Биылғы үш айда банктердің жалпы шығысы 24,37 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2025 жылғы 23,44 трлн теңгемен салыстырғанда 927 млрд теңге немесе шамамен 4% көп.
Ең ірі кіріс көзі әдеттегідей қайта бағалау нәтижесінде қалыптасқан. Активтер мен қаржы құралдарының құнын қайта есептеу арқылы алынған табыс көлемі 2026 жылдың І тоқсанында 20,97 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 406 млрд теңге немесе 2% жоғары.

Банктердің екінші негізгі табыс көзі – несиелерден түскен сыйақы кірісі. Бір жылда табыстың бұл түрі 1,52 трлн теңгеден 1,92 трлн теңгеге ұлғайған. Өсім көлемі – 396 млрд теңге немесе 26%.
Үшінші ірі табыс көзі – резервтерді (провизияларды) қалпына келтіруден түскен кірістер (455,3 млрд теңге).
Жыл басында банктердің жиынтық активі 70,77 трлн теңге болған. Алайда ақпан айының басында бұл көрсеткіш 70,13 трлн теңгеге дейін төмендеп, бір ай ішінде 641,8 млрд теңгеге қысқарған. Наурыз айының басында активтер көлемі тағы азайып, 70,04 трлн теңге болды. Кейін тоқсан соңында қайта өсіп, 70,55 трлн теңгеге жетті. Дегенмен бұл көрсеткіш жыл басындағы деңгейден әлі де 225 млрд теңгеге төмен болып тұр.
Активтердің 56,2%-ы клиенттерге қойылатын талаптарға (негізінен несиелерге), 11,5%-ы әділ құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздарға, 8,0%-ы Ұлттық Банкке қойылатын талаптарға, 6,8%-ы корреспонденттік шоттарға, 4,3%-ы амортизацияланған құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздарға, 1,9%-ы сыйақы алуға байланысты есептелген кірістерге тиесілі болды. Қалған 11,3%-ы басқа активтер арасында бөлінді.