Маңғыстау облысында белгісіз біреулер жартастағы мешітті бүлдіріп кеткен
Белгісіз біреулер Түпқараған ауданында орналасқан Қапам ата жартас мешітіне пластик терезелер орнатып кеткен.
Нысанның сыртқы келбетін өзгертуге бастамашы болған адамды тауып, пластикті алып тастауға міндеттемек. Бұл туралы Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Түпқараған ауданында орналасқан және тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын ала тізіміне енгізілген Қапам ата жартас мешіті Таушық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан және XIX ғасырға жатады. Мешіт — XIX ғасырдағы өңірдің сопылық және дәстүрлі діни тәжірибелерімен байланысты жерасты культтік нысан. Ол жұмсақ тау жынысын ойып жасау арқылы салынған және ашық шөлейт-далалы аймақта, тік жартастың бетінде орналасқан.
Нысанның тарихи-мәдени маңызын және сақталу деңгейін анықтау, сондай-ақ оны жергілікті маңызы бар мемлекеттік қорғауға алу мақсатында 2025 жылғы 2 шілдеде сараптама жүргізілді. Қорытындыға сәйкес, нысан тарихи-мәдени құндылыққа ие. Сол кезде мешіт бастапқы қалпында болған, алайда жарты жылдан кейін белгісіз біреулер оның келбетін түбегейлі өзгерткен.
Жартас қуыстарының бірі кірпішпен қаланып, пластик терезелер мен есік орнатылған. Вандализм фактісі 2025 жылғы желтоқсанда анықталды. Билік өкілдерінің мәліметінше, тарихи-мәдени ескерткішке елеулі зиян келтірілген.
Анықталған құқықбұзушылық бойынша Түпқараған ауданының әкімдігіне және полиция бөліміне хаттар жолданды. Нысан әлі бастапқы қалпына келтірілген жоқ, оны бүлдірген адамның есебінен қалпына келтіру жоспарлануда (ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес). Алайда кінәлі тұлға әлі күнге дейін анықталған жоқ, «әйнекпакет» сол күйінде тұр.
Егер құқықбұзушы анықталса, оған ҚР ӘҚБтК-нің 145-бабы (тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнаманы бұзу) бойынша 10-нан 200 АЕК-ке дейін (43 250 теңгеден 865 000 теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.