Жаңалықтар

Елдегі ең бай кәсіпкердің бірі жүк жеткізуге арналған дронды сынап көрді

Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай кәсіпкер Вячеслав Ким Алатау қаласында өткен әуе аппараттарының сынағына қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

СЫНАҚ ҚАЙДА ӨТТІ

Ол дрон арқылы тауар жеткізу жүйесін жеке өзі сынап көрді. Алатау қаласында әуе таксиі мен жүк жеткізуге арналған дрондар тестілеуден өтті. Сынақтар Alatau Advance Air Group компаниясының болашақ вертипорты аумағында өтті. Журналистерге жолаушы тасымалдауға арналған қытайлық AutoFlight компаниясының eVTOL ұшу аппараты мен әуе арқылы жүк жеткізу жүйесінің жұмысы көрсетілді.

Қытайлық Keeta Drone компаниясы жүйелерінің бірін қазақстандық кәсіпкер, Вячеслав Ким жеке өзі сынақтан өткізді. Ол сондай-ақ Kaspi.kz компаниясының тең иесі, Alatau City Bank иесі әрі Алатауда әуе мобильдігін дамыту жобасының серіктесі саналады.

НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ

Ким арнайы планшет арқылы тауар жеткізуге тапсырыс берді. Сосын алаңның екінші шетінде орналасқан Keeta Drone аппараты алдын ала дайындалған жүкті алып, бірнеше минут ішінде салмағы шамамен 2,5 келі болатын сәлемдемені әуе арқылы арнайы автоматқа жеткізді.

Вячеслав Ким мен шараның өзге қонақтары арнайы автомат арқылы тапсырыстарын алып көрді. Нәтижесінде жеткізілген заттардың түгел сақталғаны анықталды. Тапсырыс ішінде Alatau Advance Air Group компаниясының мерч өнімдері, печенье мен кофе болған.

Alatau City Bank акционері Вячеслав Ким Алатауға арнайы мәртебе беру туралы заңның қалада жаңа технологияларды дамытуға оң әсер еткенін атап өтті.

Back to top button