Қазақ ғалымдары сарқылған кеніштен алтынды көбірек екшейтін технология ойлап тапты
Бірінші әдіс – тотыққан кенге, екіншісі – сульфидті кенге арналған. Жаңа тәсілдер зертхана сынақтарынан сәтті өтіп, өндіріске жарамды шешім ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖОБАНЫ КІМДЕР ІСКЕ АСЫРДЫ
Жобаны «Ұлттық минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу орталығына» қарасты «Қазмеханобр» мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігі іске асырған. Ал ғылыми топты осы бірлестіктегі асыл металдар зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Бауыржан Сүрімбаев басқарған.
Бірінші технология бойынша, ғалымдар тотыққан кенді өңдеуге сутегі асқын тотығы мен натрий ацетатын қолданған. Аталған заттарды жеке-жеке қолданған кезде кеннен алтынды бөліп алу мөлшері 7%-ға, ал екі реагентті қатар қолданғанда 10-14%-ға дейін артқан.
Сульфидті кенге де натрий ацетатын қолдану арқылы алтын екшеу көрсеткішін 4% арттыруға болатынын дәлелдеп шыққан. Осының арқасын игерілген қалдықта қалатын бағалы металл үлесі азая түскен. Ең бастысы, жоба бұл тәсілдер алтынды химиялық жолмен шайқауға кететін қымбат реагенттерді алмастыра алатынын көрсеткен. Ал бұл алтын шайқау процесін арзандатады.
ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ
Ғалымдардың айтуынша, жаңа технология Қазақстандағы пайдалы қазбаларға арналғандықтан, жергілікті өндірістің тиімділігін арттырады.
Жоба авторлары өздері ойлап тапқан технология туралы Taylor & Francis, Springer Nature және Elsevier сияқты халықаралық басылымдарға 2 монография мен 4 мақала жариялаған.
Бұл әзірлеме бай кен орындарының сарқылуына және құрамында металы аз, күрделі кендер үлесінің артуына байланысты жасалды. Дәстүрлі өңдеу әдістері алтынды жоғары деңгейде бөліп алуды әрдайым қамтамасыз ете бермейді әрі қымбат реагенттер мен технологиялық режимдерді қатаң сақтауды талап етеді, – деп жазады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Енді осы технологияны өндірісте сынақтан өткізіп, алтын өндіруді одан әрі жақсарту жоспарланып отыр.