«Жетпесе – жұмыс істемейсің ғой»: депутаттардың өз айлығына көңілі тола ма
Депутаттар айлықтары бір отбасына жететін-жетпейтіні туралы пікір білдірді.
Жақында депутат Бақытжан Базарбек 900 мың теңгелік айлығы отбасын асыруға жетпейтінін, сол үшін әйелін жұмысқа шығаруға мәжбүр болғанын айтқан еді. Осы ретте Tizgin.kz депутаттарға сұрақ қойып, отбасын асырауға айлықтары қаншалықты жетіп жатқанын біліп көрді
«Әркімге әртүрлі ғой. 85 000 теңге жалақы алатын адамдардың көзінше бұлай айту – ұят. Менің айлығым отбасымды асырауға жетеді, жетпесе – жұмыс істемейсің ғой», – дейді депутат Ринат Зайытов.
Ал депутат Ерболат Саурықов жалақының жету-жетпеуі әркімнің өмір сүру деңгейіне байланысты екенін айтты.
«Егер еш жаққа шықпаса, артық ақша жұмсамаса, тек қана тамаққа жұмсайтын болса – жетеді. Өмір болған соң тамақ ішіп қана отырмайсың: жол жүресің, сыртқа шығасың, бала-шағаның тірлігі бар, той-томалақ бар, киім алу бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әрине, жетпейді», – дейді ол.
Бұл туралы Қазыбек Әлішев те пікір білдірді.
«Әртүрлі мемлекеттік қызметшілер, жұмыскерлер бар. Атқарып жатқан жұмыстарына, лауазымдарына байланысты олардың жалақысы әртүрлі», – дейді ол.
Депутат Самат Нұртаза бұл резонансты сұрақ екендігін айтты.
«Бұл жерде отбасы мүшелеріне байланысты. Кей депутатта бір бала болса, кей депутатта 9 балаға дейін бар. Отбасы мүшесі аз болса – бұл жалақы жетеді. Жалақының жету-жетпеуі адамның өмір сүру салтына байланысты. Ауылда, кішігірім қалада тұратын адам үшін депутаттардың жалақысы үлкен ақша. Мен жалақым үшін шүкіршілік танытам. Бұрын бұдан да аз алғанмын», – дейді ол.
Депутат Қазыбек Иса айлығы өзіне жететінін айтты.