Интернетті Тұран одағының елесі кезіп жүргеніне 10 жылдан асып кетті. Бұл әңгіме әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымының саммиттері кезінде жанданып барып басылады.
Түркістандағы бейресми саммиттен кейін әлеуметтік желідегі жұрт жиында сөз алған басшылардың әр сөзінен саяси астар іздеп, талқыға салып жатыр. Шын мәнінде Орталық Азия мен Каспий төңірегі ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМҰ сияқты интеграциялар бәсекесіне кенде емес. Кейінгі жылдары оған «С5+» форматындағы форумдар қосылды. Осылардың ішінде Қазақстан үшін Мәскеуге кіндігі байланған Еуразиялық интеграция тиімді ме, Анкараға арқа сүйеген Түркі интеграциясы пайдалы ма?
Tizgin.kz бүгінгі материалда түркі ынтымағының еуразиялық интеграциядан қандай айырмашылығы бар екенін прагматикалық пайыммен сараптайды.
Дронды армия VS Ядролық арсенал
Ресей әлі де болса әлемдегі ең ірі әскери державалардың бірі болып саналады. SIPRI (Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты) деректеріне сүйенсек, 2021 жылы Ресейдің қорғанысқа жұмсаған шығыны шамамен 66 млрд доллар болған. Украинадағы соғыстан кейін бұл көрсеткіш күрт өсіп, елдің бүкіл экономикасы соғысқа қызмет көрсетіп тұр. Осылайша қорғаныс саласындағы жылдық шығын 100 млрд доллардан асып кетті. Тұрақты армиясы 1,3 млн адам деп есептеледі. Мұның сыртында 2 млн адам резервте тұр. Әскери авиацияда шамамен 4100 ұшақ бар, танк саны 5500-ден асады. Ал әскери-теңіз флоты шамамен 781 кемеден тұрады. Оның құрамында ұшақ тасымалдайтын кемелер мен ядролық сүңгуір қайықтар да бар.

Ресейдің басты артықшылығы – ядролық арсеналы. SIPRI бағалауы бойынша бұл елде шамамен 5580 ядролық оқтұмсық бар. Бұл әлемдегі теңдессіз арсенал болып есептеледі. Сондай-ақ, Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі вето құқығына ие 5 тұрақты мүшенің бірі. Global Firepower рейтингінде Ресей әлемдегі ТОП-3 әскери күштің қатарында тұр.
Мәскеу КСРО-ның ресми мұрагері болғандықтан, әскери ықпалы тек өз аумағымен шектелмейді. Сириядағы Хмеймим авиабазасы мен Тартус әскери-теңіз базасы, Армениядағы 102-базасы, Қырғызстандағы Қант авиабазасы және Тәжікстандағы 201-әскери база Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі және Таяу Шығыстағы әскери ықпалын сақтап отыр. Әсіресе Тәжікстандағы 201-базада шамамен 7000 әскери қызметкер, танктер, бронетехника, артиллерия және дрон жүйелері орналасқан.

Қазақстан өзінің әуе қорғанысын Ресей инфрақұрылымы арқылы қамтамасыз етіп отыр. Байқоңыр ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген. Сарышаған полигоны зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сынайтын негізгі әскери-техникалық нысанның бірі саналады. Балқаш радиолокациялық торабы мен №929 ұшу сынақ инфрақұрылымы және бар. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы әскери үйлестіру, қауіпсіздік архитектурасы мен қарулану стандарты арқылы Қазақстанның әскери жүйесін Ресейге байлап ұстайды. 2022 жылғы Қаңтар трагедиясында ҰҚШҰ ахуалды тұрақтандырушы күш ретінде тартылған болатын.
Ал Түркия кейінгі онжылдықта әскери технологиялық держава ретінде қалыптаса бастады. Елдің қорғанысқа жұмсаған жылдық шығын 15-20 млрд доллар шамасында деп бағаланады. NATO-дағы ең ірі армиялардың бірін ұстап отырған Анкара классикалық армия моделінен гөрі қорғаныс технологиясына негізделген модельге бейім.

Әсіресе Baykar, Aselsan және TAI секілді компаниялар Түркияның жаңа әскери-индустриялық бейнесін қалыптастырды. Baykar компаниясының Bayraktar TB2 атты дрондарын 37 мемлекет сатып алған. Әсіресе Украина, Польша, Әзербайжан, Қатар, Сауд Арабиясы мен Африка Түркия үшін негізгі импорттаушы болып отыр. Baykar-дың экспорт келісімдері бірнеше миллиард доллармен есептеледі. Компания Украинада локализация жобаларын іске қосты, Әзербайжанмен әскери кооперация орнатты және Қазақстанмен сервистік келісімдер жүргізе бастады.

Ал Aselsan Түркиядағы ең ірі әскери электроника өндірушісі саналады. Компанияның жылдық табысы шамамен 3 млрд доллардан асады және ол 80-нен астам елге өнім экспорттайды. Aselsan радар жүйелері, әскери байланыс пен электронды соғыс жүйелерін, авиациялық электроника өндіреді. Ал TAI әскери авиация, дрон, тікұшақ және жаңа буын жойғыш ұшақтар өндірісін дамытуда. Түркияның қорғаныс саласындағы экспорты 2024-2025 жылдары 7 млрд доллардан асты. Сонымен қатар Түркияның Катарда, Сомалиде, Сирияда, Иракта және Ливияда әскери инфрақұрылымы бар.
Шикізат VS Қайта өңдеу
Экономикалық тұрғыдан Ресей мен Түркия екі түрлі модель ұсынады. IMF (Халықаралық валюта қоры) деректері бойынша Ресейдің номиналды жалпы ішкі өнімі шамамен 2,1 трлн доллардың айналасында. Ал Түркияның номиналды жалпы ішкі өнімі шамамен 1,3 трлн доллар. Әлемдік жалпы ішкі өнім құрылымында Ресейдің үлесі шамамен 2,5% болса, Түркияның үлесі шамамен 1,4% деңгейінде.
Сатып алу қабілеті бойынша қарасақ, Ресей ішкі экономикалық қуаты жөнінен әлемдегі ТОП-6 экономика қатарына кіреді. Бірақ Ресей экономикасының негізгі тіректері мұнай, газ, металл және астық экспорты болып қала береді. Ел экспортының негізгі бөлігі энергия ресурстары мен шикізатқа негізделген. Сондықтан Ресей экономикасы санкцияларға, технологиялық шектеулерге және энергия бағасына өте тәуелді.
Ал Түркия экономикасының ерекшелігі – өндірістік және логистикалық құрылымында. Түркия машина жасау, техника, автокомпонент, тоқыма өнеркәсібі, құрылыс және қорғаныс өнеркәсібі арқылы әртараптандырылған индустриялық модель қалыптастырды.

Қазақстан үшін Ресейдің ең үлкен артықшылықтарының бірі – инфрақұрылымдық ықпал тетігі. Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы Ресей аумағында жатқан Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Бұл құбыр Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын Новороссийск порты арқылы Еуропадағы импорттаушылармен байланыстырады. Осылайша Қазақстан бюджетінің негізгі экспорттық кірісі Ресейдегі транзиттік инфрақұрылымға тәуелді болып отыр.
2025 жылғы Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына жасалған дрон шабуылдары мұнай тасымалының қысқаруына және экспорттық тәуекелдердің күрт өсуіне әкелді. Кейбір сарапшылар миллиардтаған доллар шығын келгенін де айтты. Кейінгі жылдары Қазақстан Германияға «Дружба» құбыры арқылы мұнай экспорттауды жолға қойғандай болған. Мәскеу ол саңылауды да жауып, әлдеқайда күрделі нұсқа ұсынып отыр. Қысқартып айтқанда, Қазақстан бюджетінің негізгі кірісі Ресейдің транзиттік жүйесіне тәуелді күйінде қалып тұр. Түркі ынтымақтастығы арқылы Орта дәліздің әлеуетін кеңейту Қазақстанға осы жағынан маңызды.

2025 жылы Қазақстан импортының шамамен 29,7%-ы Ресейге тиесілі болды. Басқаша айтсақ, күнделікті өмірге деп сырттан алатын тауар мен азық-түліктің үштен бірін Ресейден әкеліп отырмыз. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы шамамен 27,4 млрд долларға жетті. Осылайша Қытайдың өзін қайта екінші орынға ығыстырды. Бұл Мәскеудің Қазақстан экономикасындағы салмағы әзірге мызғымайтынын көрсетеді.

Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанда ортақ кедендік саясат, ортақ техникалық регламент, ортақ тариф шектеулері арқылы мемлекеттен де үстем жүйе қалыптастырып отыр. Бұл Қазақстанның толық дербес тариф саясатын жүргізу мүмкіндігін шектейді.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, 2015-2024 жылдар аралығында Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдердің ішінде Ресей төртінші, Түркия оныншы орында тұр. Екі елдің 10 жылда Қазақстанға салған инвестициясының айырмашылығы 4 еседен асады.
Жұмсақ күш пе, жымысқы күш пе?
Орталық Азиядағы Ресейдің жұмсақ күш ықпалы әлі де өте күшті. БҰҰ деректеріне сүйенсек әлемде 258 миллионнан астам адам орыс тілінде сөйлейді. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев Қазақстан халқының шамамен 95%-ы орыс тілін меңгергенін ресми мәлім еткен. Сонда жер бетіндегі орысша сөйлей алатын 258 миллион адамның 20,2 миллионы (7,8 %) қазақстандық деген сөз.

Қазақстан сегментінде шамамен 19 мың Telegram арна мен 2600-ден астам топ тіркелген. Олардың аудиториясы 67,6 млн деп бағаланған. Елдегі ең ірі Telegram арналардың басым бөлігі де орыс тілінде немесе қос тілде ақпарат таратады. Tengrinews.kz арнасының аудиториясы 259 мыңнан асады, Маргұлан Сейсембай арнасы 214 мыңнан астам, Zakon.kz 204 мыңнан астам, НОВОСТИ 24/7 арнасы 185 мыңнан астам жазылушы жинаған.

Украинамен байланысты санкциялардың әсеріне қарамастан Қазақстанның YouTube кеңістігінде де орыс тілді ойын-сауықтың ықпалы сақталып тұр. Kazakhstan Top-100 рейтингіндегі ең ірі арналардың едәуір бөлігі орыс тілді аудиторияға бағытталған. KiKiDo және Family Box арналарының әрқайсысында 13,6 млн жазылушы бар, Viki Show арнасы 13,2 млн, ShadowPriestok 8,3 млн, TheKateClapp 7,2 млн, BadComedian 6 млн аудитория жинаған. Ал қазақ тілді ұлттық арналардың көрсеткіштері салыстырмалы түрде әлдеқайда төмен. Qazaqstan TV арнасының аудиториясы 3,7 млн, Balapan TV – 2,6 млн, Astana TV – 1,8 млн деңгейінде қалып отыр.

Ресей мен Түркия арасындағы жұмсақ күш бәсекесі халықаралық индекстерде де көрінеді. 2025 жылғы Brand Finance жариялаған Global Soft Power Index рейтингінде Ресей 16-орынға, ал Түркия 26-орынға жайғасты. Алайда 2022 жылдан кейін Ресейдің жұмсақ күші халықаралық оқшаулану мен Украинадағы соғыс салдарынан айтарлықтай репутациялық қысымға түскенін айту керек.

Ал Түркия жұмсақ күшті мәдени экспорт, сериал индустриясы, туризм, гуманитарлық бағдарламалар, білім және логистика арқылы күшейтіп келеді. Түрік сериалдары бүгінде Түркияның ең ірі мәдени экспорт құралдарының біріне айналды. Бұл ел жыл сайын шамамен 150-ден астам сериал өндіріп шығарады. Түрік сериалдары 170-тен астам елде көрсетіледі және олардың жалпы аудиториясы шамамен 1 млрд адамға жетеді. Аудиториясы Балқаннан Орталық Азияға, Таяу Шығыстан Латын Америкасына дейінгі аумақты қамтиды. Түрік сериалдары экспортының көлемі 1 млрд доллардан асқаны туралы есептер бар.
Ресейде 60 мың қазақстандық жоғары білім алып жүрсе, Түркияда оқитын қазақстандықтардың жалпы саны шамамен 14 мың адамға жеткен. Оның ішінде 300 қазақстандық 2024-2025 оқу жылында Türkiye Bursları бағдарламасы арқылы грант иеленген.
Yunus Emre Institute мәліметі бойынша, Астанадағы түрік тілі курстарына пандемия кезінде шамамен 8000 өтініш түскен. Әлем бойынша түркі тілдес кеңістіктің көлемі 170-200 млн адамнан асады. Бұл тұрғыда нақты стандартқа сай есеп жоқ. Түркиялық зерттеушілер түркі тілдес елдердің ана тілін ұлы түрік тілінің диалектісі ретінде қарастыратынын баса айту керек.
Институттар ықпалы
Еуразиялық экономикалық одақтың жиынтық жалпы ішкі өнімі 3 трлн долларға, өзара сауда айналымы 95 млрд долларға жетті.
Ал Түркі мемлекеттері ұйымының жиынтық жалпы ішкі өнімі 2,4 трлн доллар болса, өзара сауда көлемі 57 млрд доллардан асқан.
Мәскеу бұрын КСРО құрамында болған түркі тектес елдерге ықпалын ТМД арқылы, еуразиялық интеграция ұраны, ҰҚШҰ мен Ауғанстан факторы арқылы сақтауды жолға қойып алған.

Ал Анкара 2008 жылы құрылған ТҮРКПА арқылы түркі мемлекеттері арасындағы парламентаралық координацияны баяу болса да біртіндеп жолға қойып келеді. Ал 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ТҮРКСОЙ институтын түркі әлемінің UNESCO-сы деп айтуға болады.
Қазақстан ТМД аясында 2024 жылы құрылған орыс тілін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның шарттарын ратификациялаған. Штаб-пәтері Ресейдің Сочи қаласында тұрған ұйымның халықаралық ауқымдағы жұмысына Астана бюджеттен жыл сайын кемінде 43 млн теңге бөлетіні ресми мәлім болған.
Ал 2010 жылы құрылған Халықаралық Түркі академиясының штаб-пәтері Астанада орналасқан. Түркі интеграциясының ғылыми-интеллектуалдық платформасы ретінде жұмыс істейтін ұйымның 50 пайызға жуық шығынын Түркия көтеріп отыр. 2022 жылы Қазақстан бұл ұйымға жыл сайын кемінде 1 млн доллар қаражат бөліп отырғаны ресми айтылды.
Демографиялық әлеует
Ұзақ мерзіммен өлшесек, Ресей халықтың қартаюы, еңбекке қабілетті халық санының азаюы, еңбек күшінің тапшылығы және эмиграция проблемаларына тап болып отыр. Мұндағы орта жас шамамен 40,7 жасқа жеткен. Украинадағы соғыстың алғашқы 2 жылында Ресейден 1 млн адам кетті дейтін деректер бар.
Ал түркі әлеміндегі демографиялық динамика әлдеқайда жас. Өзбекстанда орта жас шамамен 27 жыл, Қырғызстанда 25,5 жыл Қазақстанда 32,3 жыл, Түркияда 34,9 жыл, Әзербайжанда 34,1 жыл деңгейінде.
Қалай дегенмен де Ресей әлі де Орталық Азиядағы негізгі қатты күш орталығы болып қала береді. Мәскеудің басты артықшылықтары әскери инфрақұрылым, ядролық арсенал, транзит, энергетикалық ықпал тетігі және посткеңестік институттар болып отыр. Алайда Түркия жұмсақ күш, қорғаныс технологиялары, логистика, мәдени ықпал, білім және түркі интеграциясы арқылы күшейіп келе жатқан геоэкономикалық күш ретінде алға шығып келеді.
Қазақстан үшін бұл екі ықпал бір-бірін толық жоққа шығаратын таңдау емес. Алайда аймақтағы ықпал табиғаты өзгеріп жатыр: Ресейдің дәстүрлі қатты күш ықпалы сақталғанымен, Түркияның жұмсақ күші мен геоэкономикалық интеграцияға негізделген моделі барған сайын күшейе береді.
«Ресей мен Түркия Қазақстан үшін әртүрлі функциялар атқарады»
Шығыстанушы-саясаттанушы Жанат Момынқұлов Қазақстан осы тенденцияларды бәрін сергек санамен бағамдап отырғанын айтады.

“Президент Тоқаевтың ТМҰ-ны геосаяси да, әскери де одақ емес деп сипаттауы (Түркістанда бейресми саммитте – ред.) түркі және түркі емес елдерге қатар айтылған сигнал. Бұл Қазақстанның нақты, сыртқы саяси ұстанымын, стратегиялық жағдайын көрсететін мәлімдеме болды. Бұл ұстаным елдің қазіргі халықаралық позициясының шектеулері мен мүмкіндіктерін қатар бейнелейді”, – дейді сарапшы.
Оның пайымдауынша, Қазақстан үшін «орыс әлемі» мен түркі интеграциясының қайсысының болашағы бар деген сұрақ дұрыс емес.
“Қазақстан үшін Ресей бағыты мен түркі бағыты әртүрлі функцияларды атқарады. Қазақстан ҰҚШҰ аясында ұжымдық қорғаныс жүйесіне кірген, ал Еуразиялық одақта экономикалық-кедендік кеңістікке интеграцияланған. Бұған қоса ең ұзын ортақ шекарамыз, транзиттік тәуелділік, инфрақұрылымдық байланыстар бар. Өкінішке орай, Ресей бағытын қысқа және тіпті орта мерзімде баламасыз деп айтуға мәжбүрміз”, – дейді ол.
Ғалым түркі бағыты Қазақстанға Каспий арқылы Еуропаға балама логистикалық дәліздер ашуға, Түркия мен Әзербайжан арқылы жаңа нарықтарға шығуға, сондай-ақ туыстық мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтуге мүмкіндік береді.
“Ресей бағыты қазіргі жүйенің негізі болса, түркі интеграциясы болашақтағы маневр кеңістігін кеңейтетін стратегиялық ресурс.
Түркия Ресейдің қауіпсіздік ықпалына балама бола ала ма? Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Түркия аймақта толыққанды қауіпсіздік провайдері бола алмайды, өйткені оның Орталық Азияда Ресейдегідей әскери инфрақұрылымы жоқ, ұжымдық қорғаныс кепілдіктерін ұсынбайды және географиялық тұрғыдан да тікелей қатысуы шектеулі. Түркия НАТО мүшесі болғанымен, бұл ұйымның қауіпсіздік міндеттемелері Орталық Азияға таралмайды. Түркияның өзі де көпвекторлы, автономиялық саясат жүргізіп, Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де қарым-қатынасын сақтайды, – дейді шығыстанушы,
Сарапшы Астана ТМҰ-ны саналы түрде әскери немесе қатаң саяси одаққа айналдырудан бас тартып отыр деп есептейді.
“Бұл ұстаным – Түркия мен Әзербайжанға түсінікті болған саналы стратегия. Бірақ Әлиев саммитте 21 ғасырда Түркі әлемі ықпалды геосаяси орталық болуы тиіс десе, Ердоған елдерді әскери өндіріс пен технология жасауда күш біріктіруге шақыруы Қазақстанның айтқанына қайшы болды. Демек елдердің позициялары әртүрлі болғанымен Тоқаевтың айтқаны реализмге сәйкеседі. Қазақстан ортақ қарулы күштер құру, бірлескен сыртқы саясат жүргізу немесе антиресейлік риторикаға бару сияқты қадамдардан аулақ. Анкара да өз кезегінде асықпай, кезең-кезеңімен әрекет етеді. Түркия алдымен көлік пен сауда, кейін стандарттар мен білім беру, содан соң ғана қорғаныс өнеркәсібі және ең соңында мүмкін саяси мәселелерді үйлестіру ниетінде.
Қазіргі кезеңде ТМҰ әдейі «жұмсақ интеграция» шеңберінде қалып отыр. ТМҰ-ның геоэкономикалық және стратегиялық платформа ретінде күшеюі мүмкін. Орта дәліз, көлік-логистиканың маңызы артады. Түркі ұйымы осындай нақты техникалық істермен айналысқаны дұрыс.
Астана бір мезгілде Ресеймен, Түркиямен, Қытаймен және Батыспен жұмыс істей отырып, әрқайсысын әртүрлі функцияда пайдаланады. Мұндай модельді шартты түрде «көп қабатты егемендік» деп сипаттауға болады. Қазақстан геосаяси жағдайды шайқалтпай сақ қимылдағаны жөн, – дейді Жанат Момынқұлов.
Ресей элитасында түркі интеграциясын федерацияның құрамындағы Татар, Башқұрт, Чуваш, Тыва, Якут, Алтай өлкесі, Кабардин-Балқар, Дағыстан, Хакас, Қарашай-Шеркес автономияларын бөліп әкететін қауіп көретін топтар бар. Әлемнің екінші үлкен экономикасы болып тұрған Қытай да түркі интеграциясына ұйғыр проблемасы контексінен сақтықпен қарап отыр.