Жаңалықтар

Halyk Bank-тің таза пайдасы күрт азайды

Halyk Bank (Қазақстанның Халық банкі) жыл басталғалы І тоқсандағы қаржы нәтижесін жариялады. Банктің үш айдағы таза пайдасы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,6%-ға қысқарып, 234,8 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ДЕПОЗИТТЕР АЗАЙДЫ

Кірістің төмендеуіне негізгі несие шығындарының артуы және қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі тікелей әсер еткен көрінеді. Банктің пайыздық табысы несие қоржынының есебінен 14,6%-ға өскенімен, шығын да еселеп артты. Халықтың жинақ ақшасы мен компаниялар салымдарының пайыздық мөлшерлемесі көтеріліп, банктің пайыздық шығындары бірден 27,8%-ға секірген.

Бұған қоса, Ұлттық банктің ең төменгі резервтік талаптарды күшейтуі де қаржы ұйымына оңай тимеді. Реттеу талаптары салдарынан банктің таза пайыздық маржасы 7,5%-дан 7,0%-ға дейін төмендеп кетті. Яғни, банктің ақшадан ақша жасау мүмкіндігі біршама тарыла түскен.

КОМИССИЯДАН ТҮСЕТІН ТАБЫС НЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ

Halyk Bank-тің таза комиссиялық табысы ширекке жуық, нақтырақ айтсақ 26,1%-ға құлдырап, 24,9 миллиард теңгеге тұрақтады. Бұған соңғы кездері трендке айналған «қазір ал, кейін төле» (BNPL) жүйесі, яғни бөліп төлеу қызметінің тежелуі себеп болды.

Реттеуші органдардың тұтынушылық несие беру талаптарын қатайтуына байланысты, банк клиенттерді іріктеу (андеррайтинг) сүзгісін күшейтуге мәжбүр болған.

Оған қоса, белгілі бір банктік қызметтер бойынша қосылған құн салығының (ҚҚС) біртіндеп клиенттердің мойнына жүктелуі де бұл көрсеткішке кері әсерін тигізді.

САЛЫҚ ШЫҒЫНДАРЫ ӨСТІ

Банкті заманауи деңгейде ұстап тұру да арзанға түсіп жатқан жоқ. Тоқсан ішінде топтың операциялық шығындары 7,8%-ға өсіп, 74,5 миллиард теңгеге жетті. Мұның негізгі бөлігі ақпараттық технологияларды (ІТ) дамытуға және тағы да сол ҚҚС төлемдерінің артуына жұмсалған.

Шығынның кіріске арақатынасын көрсететін cost-to-income коэффициенті де 16,5%-дан 18,2%-ға көтерілді. Бұл банктің әр тапқан табысы үшін жұмсайтын шығыны аздап болса да ұлғайғанын көрсетеді.

ДОЛЛАРДЫҢ «ҚҰНСЫЗДАНУЫ»

Банктің несие портфелі өткен жылдың соңымен салыстырғанда 2,2%-ға азайып, 13,4 триллион теңгені құрады. Мұнда теңгенің нығаюына байланысты сыртқы валюталық несиелердің қайта есептелу әсері (валюталық эффект) бар.

Ал клиенттердің банктегі қаражаты (депозиттер мен ағымдағы шоттар) жыл басынан бері заңды тұлғаларда 5,8%-ға, жеке тұлғаларда 1,0%-ға кеміген.

Банк бұл құбылысты теңге бағамының нығаюымен түсіндіреді (валюталық эффект есебінен доллардағы салымдарды теңгемен есептегенде жалпы көлем азайып көрсетілген).

 

Back to top button