Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева бес баланы тастап, Балиге қалай қашып кеткен

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Мұқанғалиевтер отбасының бірнеше мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің әйелімен бірге Балиге қалай қашып кеткені айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тергеу материалдарын жариялау барысында күдіктінің қылмыстардан кейін шетелге қалай қашқанына қатысты жаңа деректер белгілі болды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, кісі өлтіргеннен кейін Сәрсемәлиев марқұмдардың әуелі мүлкін заңсыз иемденген. Ол содан түскен ақшаны шетелге қашу үшін жұмсаған.
Іс материалдарында туыстары жоғалғаннан кейін марқұмдардың балалары толықтай Сұлтанның анасының қамқорлығында қалғаны да бөлек көрсетілген. Құқық қорғау органдары адамдардың жоғалуына байланысты іздестіру шараларын бастап кеткенін түсінген Сәрсемәлиев Атыраудан шұғыл кету керек деп шешкен.
Тергеу мәліметінше, онымен бірге Ақбаян Мұқанғалиева да кеткен. Айыптау актісінде күдіктінің оны Қазақстанда қалдыру қауіпті деп санағаны айтылған. Өйткені жақын туыстарының жанында болмауы және отбасының мүлікті рәсімдеу үшін шетелге кетуі айналасындағылар мен тергеу органдарының күдігін тудыруы мүмкін болған. Сондықтан ол Мұқанғалиеваны өзімен бірге Индонезияға алып кетуді ұйғарған.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2025 жылы 9 желтоқсанда Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева «Қапланбек» өткізу пункті арқылы Қазақстан шекарасынан өтіп, Өзбекстанға кеткен. Ал 13 желтоқсанда Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағыты бойынша ұшып, Индонезиядағы аралға жеткен.
Бали аралында олар екі айдан астам уақыт бойы бой тасалап жүрген. Алайда 2026 жылы 24 ақпанда Индонезияның көші-қон қызметінің қызметкерлері оларды визалық режимді бұзғаны, яғни елде болу мерзімін асырып жібергені үшін ұстаған. Осыдан кейін күдіктілер Қазақстанға депортацияланған.
Кейін, 2026 жылы 9 наурызда Сәрсемәлиевтің қатысуымен оқиға орнында айғақтарды тексеру кезінде тергеушілер Атыраудағы Мұнайшы ықшамауданындағы үйдің ауласынан Мұқанғалиева мен Қарабалиннің жерленген мәйіттерін тапқан. Қазір іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, төрт кісіні өлтірді деп күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша алдын ала тыңдау 18 мамырда басталды. Сотта Сәрсемәлиев төрт кісіні өлтіргенін мойындап, өлім жазасына да дайын екенін мәлімдеді.