ЖаңалықтарПікір

Нашақор, ойынқұмар болмау үшін не істеу керек – психоаналитик кеңесі

Психоаналитик Анна Құдиярова нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың алдын алу үшін ата-ана не істеу керектігін айтты.

Бұл туралы психоаналитик журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Балалық шағы бақытты өткен бала нашақор, ойынқұмар, бәс тігуші, маскүнем болмайды. Жақында маған 18 жастағы бозбала келді. Ол «Менің ата-анам жұмысбасты адамдар. Бар ойы – бизнес, шетел. Маған ақша беріп, құтылып жүр» деді. Бір қарасаңыз, балаға материалдық дүние ата-анасы тарапынан беріліп жатыр, ал махаббат, мейірім ше? Тағы бір мысал айтайын, маған спорт мектебі директорының ұлы келді. Өзі нашақор. Ол маған «Менің қандай арманым бар екенін білесіз бе? Мен әкеммен футбол ойнағым келеді. Ал әкемнің маған арнайтын уақыты жоқ. Ол үнемі жұмыста, жарыстарда жүреді. Маған ақша береді, ал мен өзіме керек «дозаны» есірткі түрінде сатып аламын» деді. Ол әкесін осылай жазалап жүр. Мәселе баланы ақшадан тарықтырмауда ғана емес, мәселе балаға жеткілікті түрде көңіл бөлуде», – деді психоаналитик Анна Құдиярова.

Ол үнемі ер азаматтарға балаға көңіл бөлу керектігін, мектеп жиналысына қатысып тұруы керектігін айтады.

«Махаббаты берудің де өз мөлшері болады. Жақында Батыста 30 жыл бойы жүргізілген зерттеу жұмысын оқыдым. Зерттеуге қатысқан бірнеше мың отбасы балаларына «Жоқ» деген сөзді айтпайды екен. Ешқандай тыйым салмайды. Ешқандай тыйым салмай өскен балалар қазір 30 жасқа таяп қалды. Олар қолынан түк келмейтін жалқау болып өсіпті. Жұмыс істеуге қабілетсіз болып кеткен, өйткені дайын асқа тік қасық болып өскен. «Мен жата берем, сен емізе бер» деген сәби күйде қалып қойған. Ата-ана баласына «Мына нәрсеге рұқсат, мынаған рұқсат емес. Еркелігіңнің шегі осы жерге дейін» деп шекара белгілеп отыруы керек. Мысалы, «Бүгін досыңмен кездесуге жібере алмаймын, себебі сабағың бар, бірақ жексенбі күні жібере аламын» деп өз нұсқаңызды ұсынуыңыз керек. Баланы тек тыйыммен өсірсеңіз де болмайды, себебі бала торда тұрған құстай болып, кәмелеттік жасқа толғанда Сізден қашып кетеді. Сізге саналы бала керек болса үнемі сөйлесіп, өзара келісімге келіп, алтын орта тауып отыруыңыз керек. Шәкәрім атамыз айтпақшы: Жылы жүрек, тәтті тіл, Берекені берер – біл. Ол айтқан кішкене ғана психологиялық кеңесін тыңдасақ, балаларыңыздың нашақор, маскүнем, ойынқұмар болып кетуінің алдын алуға болушы еді», – дейді ол.

Back to top button