ЖаңалықтарҚоғам

Қандай сусындар қан қысымын төмендетеді – маман кеңесі

Күнделікті тамақтану әдеттері артериялық қысымға айтарлықтай күшті әсер етуі мүмкін.

Диетологтар жүрек саулығын сақтауға көмектесетін және антиоксиданттар, калий мен қан тамырларының жұмысын жақсартатын табиғи қосылыстардың арқасында қан қысымын төмендетуге ықпал ететін сусындарды атады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Verywellhealth басылымының мәліметінше, мамандар ешбір сусын емдеуді немесе дәрігердің ұсынымдарын алмастыра алмайтынын айтты. Дегенмен, кейбір өнімдер салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану рационына пайдалы қосымша бола алады.

Артериялық қысымды төмендетуге көмектесетін сусындар

Фото: ernur.kz

Диетологтардың айтуынша, артериялық қысымды қалыпты деңгейде ұстауға көмектесетін ең тиімді сусындардың бірі — анар шырыны. Сарапшылардың түсіндіруінше, оның құрамында калий мен антиоксиданттар бар, олар ағзада азот тотығының түзілуіне көмектеседі. Бұл зат қан тамырларын босаңсытып, қан айналымын жақсартады.

Мамандар күніне шамамен бір стақан анар шырынын тұтынуға кеңес береді. Оны жеке ішуге, газдалған сусынмен немесе салқын шаймен араластыруға, сондай-ақ смузи, йогурт немесе сұлы ботқасына қосуға болады. Сонымен қатар, анар шырыны көкөніс пен етке арналған тұздықтар, маринадтар немесе глазурь дайындауда да қолданылады.

Фото: miychay.com

Пайдалы сусындардың тағы бірі — көк шәй. Мамандар оның да азот тотығының түзілуіне ықпал ететінін, соның арқасында қан тамырларының босаңсуына көмектесетінін айтады. Бұдан бөлек, көк шәй антиоксиданттарға бай және табиғи қабынуға қарсы қасиетке ие, бұл жүрек саулығына оң әсер етеді.

Диетологтар көк шәйды қант қоспай ішуге кеңес береді, себебі артық калориядан сақтану қажет. Оны ыстық та, салқын күйінде де ішуге болады. Құрамында кофеин болғандықтан, кейде көк шайды таңертеңгі кофеге балама ретінде де ұсынады.

Фото: shop.rusteaco.ru

Пайдалы сусындар қатарына гибискус шайы да кіреді. Сарапшылар оны артериялық қысымды қалыпты ұстауға арналған ең көп зерттелген табиғи сусындардың бірі деп атайды. Гибискус құрамында антоциандар бар — бұл қан тамырларын босаңсытып, қан айналымын жақсартатын өсімдік тектес қосылыстар.

Гибискус антиоксиданттарға бай және холестерин деңгейіне де оң әсер етуі ықтимал. Дәмін жақсарту үшін шайға цитрус жемістерін немесе даршын қосуға болады, бірақ қант қоспау ұсынылады.

Фото: gastronom

Жүрек саулығын қолдауға көмектесетін тағы бір сусын — қызылша шырыны. Оның құрамында қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымын жақсартатын табиғи нитраттар көп. Сонымен қатар, қызылша антиоксиданттарға, калийге, магнийге және С дәруменіне бай.

Кейбір диетологтар қызылша шырынын үй жағдайында дайындауды ұсынады. Оған алма, сәбіз, зімбір немесе лимон қосса, дәмі жұмсақ әрі қанық болады.

Қан қысымын бақылауға көмектесетін күнделікті әдеттер

Сусындардан бөлек, мамандар артериялық қысымды бақылауда күнделікті әдеттердің де маңызы зор екенін атап өтеді. Олар үнемі дене белсенділігімен айналысуға, тұзды және натрийі көп тағамдарды азайтуға кеңес береді. Сондай-ақ рационға жапырақты көкөністерді, жидектерді, тұтас дәнді өнімдерді, балық пен жаңғақтарды жиі қосу ұсынылады.

Сонымен қатар, диетологтар стрессті бақылауға да көңіл бөлуді ұсынады. Ол үшін медитация, тыныс алу жаттығулары, йога немесе басқа да босаңсу тәсілдерін қолдануға болады. Бұған қоса, алкогольді, тәтті газдалған сусындарды және кофеинді шамадан тыс тұтынуды шектеу қажет.

Back to top button