Ресей Қазақстаннан жеткізілетін тауарларды тексеру үшін QR код енгізіп жатыр
1 маусымнан бастап Ресейде ЕАЭО елдерінен автокөлік арқылы әкелінетін тауарларды бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚҰЖАТ САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ЖОЛДАНУЫ ТИІС
Федералдық салық қызметі сайты мәліметінше, 2026 жылғы 17 сәуірдегі №101-ФЗ Федералдық заңына сәйкес 2026 жылғы 1 маусымнан бастап Ресейге ЕАЭО елдерінен (Беларусь Республикасы, Армения, Қазақстан, Қырғыз Республикасы) автомобиль арқылы тауар әкелу тәртібі өзгереді. Енді ұлттық СПОТ (подтверждение ожидания поставки товаров) жүйесі енгізіледі.
СПОТ – бұл автомобиль арқылы ЕАЭО елдерінен келетін тауарларды бақылау жүйесі. Енді импорттаушылар тауар келер алдында салық органдарына хабарлап, қамтамасыздық төлем енгізіп, QR-код алуы тиіс. Қазір жүйе тестілік режимде жұмыс істейді.
Импорттаушы немесе делдал РФ-на тауар жеткізер алдында 2 күн бұрын тауарды алдын ала апару құжатын салық қызметіне жолдауы тиіс. Бұл құжат әр жеткізілімге арналған және онда импорттаушы, жеткізуші, тасымалдаушы, әкелінетін тауарлар және көлік құралының тіркеу нөмірі көрсетіледі. Құжатқа QR-код алынғанша түзетулер енгізуге болады, ал көлік құралы туралы ақпарат шекарадан өтер алдында жаңартылуы мүмкін, – делінген ақпаратта.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ
СПОТ жүйесі барлық тауарға қолданылмайды. Қолданылмайтын тауарлар қатарына қолма-қол ақша мен қаржылық құралдар, мұнай және мұнайдан алынған өнімдер, электр энергиясы, құбыр арқылы тасымалданатын тауарлар, жеке тұлғалар әкелетін жеке тұтынуға арналған тауарлар жатады.
Заң бойынша ЕАЭО елдерінен автомобиль арқылы тауар әкелгенде қамтамасыздық төлем енгізіледі. Бұл төлем ҚҚС және акциздер төленетіндігіне кепілдік береді.