Банкроттыққа ұшырағандар несие ала алмай ма – депутаттар ұсыныс білдірді
Бүгін Сенат депутаттары Қаржы және бюджет комитетінің отырысында банкрот деп танылғандарға қосымша шектеулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ”
Депутат Нүрия Ниязованың сөзінше, “Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы” заңның 17-бабы 4-тармағына сәйкес, соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылған борышкерге жаңа ақшалай және мүліктік міндеттемелер алуға тыйым салынады. Бірақ бұл шектеу микрокредиттер мен ломбард қызметтеріне жүрмейді. Ниязованың айтуынша, қарызы кешірілген соң кей азаматтар қайтадан несие алып, қарызға батып жатыр. Депутат Бекбол Орынбасаровтың пікірі де осымен үндес.
“Қатаң шаралар қабылдау қажет. Қазір кез келген банкрот деп танылған адам қосымшаға кіріп, еш кедергісіз несие ала алады”, – деді ол.
Мәселенің бар екенін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов статистикалық мәліметтермен растады. Оның айтуынша, несие бюросының деректеріне сәйкес, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталған 50 217 азаматтың 2 750-іне қайтадан жалпы сомасы 900 миллион теңгеден асатын жаңа қарыз берілген.
ЕҢ КӨП НЕСИЕНІ КІМ КӨП БЕРЕДІ
Соның ішінде: 2 738 банкрот 1 миллион теңгеге дейін несие алған; 10 адам 3 миллион теңгеге дейін қарыз алған; тағы екі адам 6 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген.
Ең көп несиені микроқаржы ұйымдары бергенімен, олардың арасында екінші деңгейлі банктер де бар екені айтылды.
Сеилжан Ахметов егер адамды банкроттық рәсіміне жеткізсе, кейін оның қайтадан несие алуына шектеу қойылуы керектігін алға тартты.
“Сонымен қатар мұндай азаматтарға қайта несие берген ұйымдар жауапкершілігін қарастыру ұсынылып отыр”, – деді Сеилжан Ахметов.
ЛОМБАРДТАР ЖҰМЫСЫ ДА ҚАДАҒАЛАНУЫ МҮМКІН
Депутаттар осы мәселеде ломбардтар жұмысын да заңмен реттеу қажет деп санайды.
Бекбол Орынбасаровтың пікірінше, егер бұл бағыт бақылаусыз қалса, халықтың шамадан тыс несиеге батуы тоқтамайды.
“Бұл әлеуметтік мәселе. Егер шара қолданбасақ, тұрғындардың қарызға батуы жалғаса береді. Адамдар бәрібір несие алады немесе алтын бұйымдарын кепілге қойып ақша табады. Осылай жағдай ушығуы мүмкін”, – деді депутат.