Үкімет мақұлдады: Боранбаев Қарағандыда 42,5 млрд теңгеге фармзауыт салады
Қазақстан Үкіметі Қарағанды облысында жаңа фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арасындағы инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛУЫ МҮМКІН
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес жобаның жалпы көлемі 42,5 млрд теңге жеке инвестицияны құрайды. Ал өндіріс қуат алып үлгергенде онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға арналған инновациялық препараттармен бірге, 74 түрлі дәрі-дәрмек шығару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кәсіпорын фармацевтикалық белсенді ингредиенттерді синтездеп, жоғары технологиялық биотехнологиялық өнімдерді әлемдік стандарттарға сай өндіруді меңгереді. Жобаның іске қосылуы елдегі дәрілік қауіпсіздікті нығайтып, 70 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ
Мемлекеттік статистика деректері бойынша салаға тұрақты капитал ағымы байқалады. 2025 жылдың қорытындысында елде фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өсті. Салаға салынатын жылдық инвестициялар 91,3 млн доллардан 142,8 млн долларға ұлғайды.
Былтыр желтоқсаннан бастап үкімет 7 жаңа инвестициялық келісімге қол қойды. Жалпы сомасы 360 млрд теңге болатын бұл келісімдер аясында 474 дәрі-дәрмек түрі өндіріліп, 1 170 тұрақты жұмыс орны ашылады.
БОРАНБАЕВТІҢ ИЕЛЕГІНДЕ НЕ БАР
Adata деректер базасы мәліметіеш, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-нің құрылтайшысы – «НЕОТЕКФАРМ» ЖШС. Бұл компанияның иелері қатарында Кайрат Боранбаев, Дарья Дементьева, Павел Милейко және Георгий Столяров-Реус бар.
Кайрат Боранбаев – Қазақстандық кәсіпкер, инвестор, Forbes журналының рейтиңі бойынша 8-орында тұр. Ол Esentai Mall сауда орталығы мен Esentai Tower іскерлік орталығының үлестеріне ие, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубын басқарады.