TOP-1Сараптама

Төрт айда Ұлттық қордан 1,07 трлн теңге алынып, 1,4 млрд доллар сатылды

Бюджет тапшылығы 2026 жылға берілген лимиттің 48 пайызын 4 айда жұтып қойды

Ұлттық банктің ресми статистикасын сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы төрт айында Ұлттық қордан бюджетке 1,07 трлн теңге трансферт бөлінген. Осы кезеңде валюта нарығында Ұлттық қордан 1,4 млрд доллар сатылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Нақтырақ айтсақ, қаңтарда – 230 млрд теңге, ақпанда – 230 млрд теңге, наурызда – 340 млрд теңге, сәуірде – 270 млрд теңге трансферт алынған. Ал валюта нарығында қаңтарда – 350 млн доллар, ақпанда – 400 млн доллар, наурызда – 400 млн доллар, сәуірде – 300 млн доллар валюта сатылған. 2026-28 жылдарға арналған үшжылдық бюджетте жыл сайын Ұлттық қордан алынатын трансферт лимиті 2,25 трлн теңге деп бекітілген. Сонда 4 айда осы лимиттің 48 пайызы алынып отыр.

Салыстырып қарасақ, 2024 жылдың алғашқы төрт айында Ұлттық қордан 1,95 трлн теңге (сол жылы алынған трансферттің 33,6%-ы – ред), 2025 жылдың алғашқы төрт айында 2 трлн теңге (сол жылы алынған трансферттің 36,3%-ы) алынған болатын.

Бірақ бұл жылдарда Ұлттық қордан бюджетке алынған трансферт көлемі биылғы лимиттен әлдеқайда көп болғанын, Бюджет кодексіндегі қазіргідей қатаңдатылған регламент болмағанын да айта кету керек. 2024 жылы Ұлттық қордан бюджетке жалпы 5,8 трлн теңге, 2025 жылы 5,5 трлн теңге бөлінген.

2024 жылдың қаңтар-сәуірінде Ұлттық қордан валюта нарығында 3,46 млрд доллар, 2025 жылдың 4 айында 3,17 млрд доллар сатылған.

Ұлттық банктің монетарлық шолуындағы мәліметтер биылғы 4 айда Қазақстанның сыртқы резервтері де азайып жатқанын көрсетеді. Жыл басынан сәуірге дейін таза халықаралық резервтер көлемі 34,7 трлн теңгеден 30,4 трлн теңгеге дейін төмендеген.

Back to top button