«Маған ауыр түрде тіл тигізді»: Динара Сәтжан ТІКТОК-тағы «емшіні» сотқа бермек
Журналист Ақтөбе облыстық полиция департаментіне арыз түсірді
Белгілі журналист әрі кәсіпкер Динара Сәтжан Ақтөбеде TikTok-та, инстаграмда ақшаға бата беретін бір «емшінің» үстінен арыз түсіретінін мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Журналист өзіне оның қаншалықты заңды жұмыс істейтіні қызық екенін айтады.
“Осыған байланысты Ақтөбе облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сұрау жолдаймын. “Ақылы батаның” ақшасы қайда түседі? “Каспиіне” ме? Әлде күйеуі мен ұлының шоттарына ма? Ол салық төлей ме? Адам емдеуге лицензиясы бар ма? Ақылы бата беріп, сынық салып, киелі заттар сатып, адам емдеп, бірнеше бизнес ашып, бірнеше мүліктерді, көліктерді туған-туысқандарына сыйға тартатындай ол батаның ақысы қандай? Соншалықты батадан миллиондаған ақша табуға бола ма? Батасы заңды патенттелген бе? Киелі заттар дегені не? Оның патенті бар ма? Желілік бизнестердің БАД-тарын халыққа ем үстінде сатуға құқығы бар ма? Бұл заңды ма?” – деп сұрайды ол.
Динара Сәтжан өзі ауырып халықтың қалтасынан ақшасын қағып алып, БАД-тарын “оқылған дәрі” деп ауру адамға сату қаншалықты дұрыс, қаншалықты әділетті екенін сұрап, халыққа жанашыр, патриот адамның әрекеті ме деп мәселе көтереді.
“Неге ол халық арасына бүлік салады? Қазақша сөйлемесеңдер көтеріліске шығайық деп неге әлеуметтік желіде халықты арандатқысы келеді? Ауыз өзімдікі екен деп неге елдің бәрін қорлайды? Маған да “шлюха” деп тіл тигізді. Бұл – жария түрде қорлау. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабы! Қорлау! Неліктен мен туралы жалған ақпарат таратып, адамдарды адастырады? Мені мемлекеттік жобалардан ақша алады деп айтыпты. Ал, менің мемлекеттен бір тиын да алмағаным, ешқандай мемлекеттік тендерлерге қатыспағанымды оп- оңай дәлелдеуге болады. Барлығы ашық ақпарат көздерінде тұр”, – дейді ол.
Журналист бұл мәселелермен адвокаты айналысатынын атап өтті. Ақтөбе облысының полициясына арыз жазып, заң аясында барлық іс-әрекетіне, айтқан сөздеріне жауап беретінін атап өтті. “Бұл бейберекетсіздікті тоқтататын уақыт келді” дейді ол.