Қазақстанда Түркияның жаңа екі мектебі ашылады
Қазақстанда түріктің «Маариф» қорының екі мектебін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
«Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан-Түркия жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігі арасында Қазақстан Республикасында «Маариф» Түрік қорының екі мектебін ашу ниеті туралы меморандумға қол қойылды», – делінген хабарламада.
«Маариф» қоры – Түркияның шетелдегі білім беру жобаларын жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдарының бірі. Қордың мектептері қазір әлемнің ондаған елінде жұмыс істейді.
Еске салсақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді.