Оқиға

Алматы облысында оқушылар баланы қағып кетіп, оны жасырмақ болған

Алматы облысында 11-сынып оқушылары мінген көлік 12 жастағы баланы қағып кетіп, кейін жасөспірімдер оқиғаны жасыруға әрекет жасаған, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Astana TV телеарнасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Түрген ауылында болған. Зардап шеккен баланың туыстарының айтуынша, көліктің ішінде бес бірдей жоғары сынып оқушысы отырған. Олардың бірі рөлде болған.

Желіде тараған видеода жасөспірімдердің қағып кеткен баланы мектеп жаққа алып кеткені байқалады. Ал тағы бір оқушы көлікті оқиға орнынан әкетіп, жасыруға тырысқан.

Туыстарының сөзінше, мектеп оқушылары баланы шамамен жарты сағаттан астам уақыт бойы жібермей ұстап отырған. Олар қорқытып, болған жағдай туралы ешкімге айтпауын талап еткен.

Кейін жасөспірімдер зардап шеккен баланы мектепке алып барып, мұғалімдерге оны көлік емес, мопед қағып кеткенін айтқан.

Оқиғадан кейін полиция кәмелетке толмаған жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты.

«Баланы көлік қағып кеткені туралы хабарлама түскеннен кейін жүргізушіні ұстау шаралары қабылданды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соңғы шешім медициналық қорытынды мен зардап шеккен баланың ауруханадан шыққанынан кейін қабылданады», – дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.

Оқушылардың ата-анасына қатысты да әкімшілік шара қолданылған. Қазір қалған оқушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр.

Back to top button