Қоғам

Жарты жылға еңбек демалысын қалай алуға болады – тақырып Сенатта талқыланды

Қазақстанда жалақысы мен жұмыс орны сақталатын ұзақ мерзімді демалысқа шығудың тағы бір мүмкіндігі пайда болуы мүмкін. Аталған тақырыпты бүгін Сенатта талқылады, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengri Edu-ға сілтеме жасап

ДЕМАЛЫС ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БЕРІЛЕДІ

Бүгін Сенатта “Еңбек заңнамасын жетілдіру туралы” заң жобасы қаралған болатын. Негізгі нормалардың бірі сол, жұмысты оқу немесе ғылыми қызметпен байланыстыратын қызметкерлерге алты айға дейінгі мерзімге оқу демалысын беру құқығы.

Қазір оқу демалысы, әдетте, емтихандарға, диплом дайындауға немесе зертханалық жұмыстарды орындау секілді оқуға байланысты шараларға беріледі. Енді заңда оны мына жағдайларда алуға болатынын бөлек көрсету ұйғарылды:

  • әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларынан өту;
  • диссертация жазу және қорғау;
  • ғылыми зерттеулер жүргізу;
  • басқа да ғылыми жұмыстар.

ҚҰЖАТТА НЕ ДЕЛІНГЕН

Бұл ретте мерзім бойынша шектеу енгізіледі – оқу демалысы ең көбі алты айға дейін берілуі мүмкін.

“Халықаралық “Болашақ” стипендиясы аясында шетелде білім алу, тағылымдамадан өту жағдайларын қоспағанда. Тараптардың келісімі бойынша оқу демалысы бөліп берілуі мүмкін”, – делінген құжатта.

Басты өзгеріс – оқу демалысы кезінде қызметкердің жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталуы тиіс. Бұған дейін мұндай кепілдіктер заңда тікелей бекітілмеген және көбінесе жұмыс берушінің шешіміне немесе ішкі шарттың талаптарына байланысты болатын.

“Болашақ” бағдарламасына қатысушылар үшін бөлек ереже қарастырылған: олардың жұмыс орны сақталады, алайда шетелде оқу немесе тағылымдамадан өту кезеңінде жалақы төлеу мәселесі жұмыс берушінің қарауында қалады.

Back to top button