Қазақстанда сайлау кезінде жасырын көздерден ақша алған кандидаттар жауапқа тартылады
Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс отырысында онлайн-платформаларды пайдалануды және барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуді реттейтін нормалардың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте онлайн-платформаларда үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқаны және кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасағаны үшін жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленді», – дейді ол.
Сондай-ақ, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан басқа, өзге де материалдық көмекті қабылдауға тыйым салынды.
«Сайлау қорларынан тыс қаржылық және өзге де материалдық көмек алғаны үшін жеке тұлғаларға 25, ал заңды тұлғаларға 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұдан басқа, қолданыстағы Конституциялық заңда қаржыландыру ережелерін бұзған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу жөніндегі шешiмнiң күшiн жою туралы конституциялық жауапкершілік көзделгенін де атап өту қажет. Бұл, сайлау науқандарын жасырын және бақылаусыз қаржыландыруға жол бермеуге бағытталған», – дейді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, кандидаттың сайлау алдындағы үгіт жүргізуге бөлінген мемлекеттік бюджет қаражатын жұмсау тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.
«Мұндай бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 5-тен 25 айлық есептік көрсеткішке дейін, ұлғайтылды. Бұл бюджет қаражатын нысаналы және ашық пайдалануға ықпал етеді. Бұдан басқа, ілеспе заңдарда мәслихаттың құзыретін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларымен сәйкестендіруді көздейтін редакциялық түзетулер енгізілді. Жалпы, ұсынылған шаралар адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін түсінікті және бірыңғай ережелер белгілеуге арналған», – дейді ол.