20 жыл күткен LRT демалыста ашылады: Астананың жаңа символы жайлы не білеміз
Бүгін CTS компаниясы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізді
Astana LRT туралы алғаш рет 2005 жылы айтыла бастаса, құрылысы 2011 жылы басталған болатын. Бастапқыда жобаны EXPO-2017 көрмесіне дейін аяқтау жоспарланған еді, кейін мерзім 2020 жылға шегерілді. Жемқорлыққа қатысты дау-дамай, қаржылық қиындықтар және мердігерлердің ауысуы салдарынан құрылыс көп жылға созылып кеткен. Бүгін CTS компаниясы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізді. Компания басшысы Асылбек Дүйсебаев 20 жылдан астам уақыт күткен LRT қашан іске қосылатынын, бағасы қандай болатынын және осыған қатысты басқа да қызықты фактілерді айтты. Tizgin.kz тілшісі аталған шараға барып, LRT-нің мән-жайын көзбен көріп қайтты.
Astana LRT: пойыздар жүргізушісіз жүреді

«City Transportation Systems» ЖШС Басқарма Төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, Астана LRT GOA4 деңгейіндегі ең жоғары автоматтандыру жүйесімен қамтылған.
«Пойыздар жүргізушісіз жүреді. Желінің ұзындығы – 22,4 шақырым. Ол 18 станция және 1 деподан тұрады. Барлығы 19 құрам. Оның 15-сі күнде қатынайды, 4-еуі резервте болады. Ең жоғары жылдамдығы – сағатына 80 шақырым, орташа – 50-60 шақырым. Әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдайды. Толық маршрутты 40 минутта жүріп өтуге болады. Қозғалыс интервалы 5-6 мин», – дейді ол.
Astana LRT: Жоба құны – 1,8 млрд АҚШ доллары

Жобаның құны 2016 жылы 1,8 млрд. АҚШ долларын құрайды деп бекітілді. Осы уақытқа дейін бұл сома өзгерген жоқ. Техникалық сипаттамасы жақсартылып, пойыздардың моделі мен дизайны өзгертілді, сондай-ақ LRT желісінің бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Astana LRT: 1000-нан астам адам жұмыс істейді

«City Transportation Systems» ЖШС Басқарма Төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT жүйесінде 1000-нан астам адам жұмыс істейтінін, оның 300-ге жуығы шетелдік маман екенін айтты.
«Бүгінгі таңда 500-дей қызметкер оқудан өтті. Олардың қатарында пойыз операторлары, диспетчерлер, техникалық қызметкерлер бар. Биылдан бастап Астанада болашақ мамандарды дайындаймыз. Нәтижесінде шетелдік қызметкерлер саны жыл сайын азая береді», – дейді ол.
Astana LRT: Тұрғын үйлерге вибрациялық әсері болмайды

Оның айтуынша, қыс уақытында сырлау жұмыстары ауа-райына байланысты тоқтатылды. Жақын арада ол жұмыстар аяқталады.
«Құрылыс барысында бірнеше рет өрт шықты. Өрттің себебі – құрылыс қоқыстары тұтанды. LRT инфрақұрылымына зиян келмеді және зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, эстакаданың кей жерлерінде су ағып, мұз қатты. Бұл құбырлардың толық қосылмауынан болды. Қазір эстакаданың дренаж жүйесі толығымен іске қосылды. LRT линиясын қыста сынақ өткізу үшін қарды арнайы техникамен тазаламадық. Биыл арнайы техника қолданылады. Шу деңгейін төмендету үшін вагондардың қабырғаларын қалыңдаттық, сонымен қатар жіксіз рельсті инфрақұрылымы пайдаланылды. Жақын орналасқан тұрғын үйлерге вибрациялық әсері болмайды», – дейді Асылбек Дүйсебаев.
Astana LRT: Жол жүру құны – 200 теңге

«City Transportation Systems» ЖШС Басқарма Төрағасының айтуынша, жол жүру құны – 200 теңге.
«Кез келген банк карталары, Apple Pay және Samsung Pay, QR, Face Pay, сондай-ақ көлік картасы қолжетімді. Билетті кассадан, автоматтардан және қолма-қол ақшамен сатып алуға болады. Ал жеңілдік санатындағы жолаушылар LRT-мен қала автобустарындағы сияқты тегін жүреді. Іске қосу кезеңінде жолақы төлеу жүйесі автобус желісінен бөлек болады. Бұл барлық үрдіс тұрақтанғанша қажет. Кейін интеграция жасалады», – дейді ол.
Astana LRT: Қосшыға дейін жалғасады

Асылбек Дүйсебаев Astana LRT Қосшыға дейін жалғасатынын, қаржыландыру болса келесі жылдың аяғына дейін жұмысты аяқтауға болатынын айтты.
«Техникалық тұрғыда жұмыс жоспары бар, яғни техникалық құжаттарды алдық. Енді қаржылай бөлігін шешу керек. оған қатысты қандайда бір ақпарат болса – міндетті түрде айтамыз», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол Astana LRT маңында ешқандай кәсіп жүргізілмейтінін айтты.
«Ең басты мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігі. Әу баста бұл туралы жоспар болмаған. Жолаушылар аппарат арқылы кофе сатып ала алады, бірақ кәсіп ашуға жол берілмейді, себебі дәмхана және тағы да басқа қоғамдық бизнес көзі ары-бері жүретін жолаушыларға кедергі келтіреді. Сол маңда негізі джаяу жете алатын жерлерде дәмхана көп», – дейді ол.
Астана LRT – халықаралық стандарттарға сай жасалған, заманға сай, сенімді әрі қауіпсіз көлік жүйесі. Астананың климаттық жағдайына және төмен температураға бейімделген. Бүгінде тестілік сынақтар ойдағыдай аяқталды. Тест кезінде рельстер, станциялар, байланыс желісі, басқару жүйелері, қауіпсіздік, жылжымалы құрам және апаттық сценарийлер тексерілді. LRT қосылуға дайын. Ресми түрде осы демалыс күндері ашылады.