Қазақстан Индонезияға ет экспорты көлемін арттырмақ
Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының екінші отырысында ауыл шаруашылығы, стандарттау және туризм мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ
ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәліметінше, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы араға 13 салып өткізілді.
Жиынға аталған елдердегі мемлекеттік органдарының, “Атамекен” ҰКП-ның, дипломатиялық миссиялар мен бизнес өкілдері қатысты. Олар сауда, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, стандарттау және туризм мәселелерін талқылады. Серік Жұманғариннің сөзінше, Индонезия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі.
Біз екіжақты қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүдделіміз. Екі ел арасында сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салаларды қамтитын 26 келісім бар, – деді Серік Жұманғарин.
ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫНАН ҰСЫНЫС
Вице-премьер былтыр желтоқсан айында қол қойылған ЕАЭО мен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісім маңызын да ерекше атап өтті.
Бұл – ЕАЭО мен АСЕАН-ның ең ірі экономикасы арасындағы стратегиялық көпір. Ол экспорт пен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жаңа мүмкіндік ашады, – деді Жұманғарин.
Қазақстан өзара жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтіп, қолданыстағы сауда бағыттарын жандандыруды ұсынды.