Алты жылға сотталған Жақсылық Омардың апелляциялық соты өтетін күн белгіленді
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары әрі Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омардың апелляциялық соты өтетін күн белгіленді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі соты бұрынғы шенеунік Жақсылық Омардың ісін өндірісіне қабылдап, апелляциялық сот отырысын 2026 жылы 20 мамыр сағат 11:00-ге белгіледі. Сот құжатында қылмыстық істің апелляциялық алқаға 24 сәуір күні түскені көрсетілген. Сонымен қатар жәбірленуші тарап пен қорғаушылардың апелляциялық шағымдары қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес келетіні айтылған.
Іс Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылы 3 сәуірдегі үкіміне қатысты қаралады. Бірінші сатыдағы сот үкімімен Жақсылық Омар Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған болатын.
Қаулыға сәйкес, сотталғанға қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылған. Яғни, апелляциялық сотқа дейін ол қамауда болады.
Биыл Жақсылық Омар аталған баптар бойынша алты жылға сотталған еді. Соттағы соңғы сөзінде Жақсылық Омар соттан бас бостандығынан айырмауды өтініп, айыппұл төлейтінін жеткізген.
ЖАҚСЫЛЫҚ ОМАРДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Жыл басында телеграм-арналарда Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған. Облыс әкімдігі әуелі оның ұсталғанын растамай, денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алғанын хабарлаған еді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омардың ұсталғанын растады. Сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындаған.
Ұсталғанға дейін Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оның алдында алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметінде болды.