Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен оның еншілес ұйымы «ҚТЖ Express»-тің юаньмен шығарылған облигациялары листингтен өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚТЖ 1,18 млрд юань көлемінде облигация орналастырса, «ҚТЖ Express» тағы екі транш аясында 610 млн юань тартты. Осылайша, «Самұрық-Қазына» тартқан қарыздың басым бөлігі ҚТЖ-ға бағытталып отыр.
Барлық облигациялардың купондық мөлшерлемесі жылына 4,2% деңгейінде белгіленген. Өтеу мерзімі 2028 жылдың желтоқсанынан 2029 жылдың сәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.
Нарық сарапшылары бұл мәмілені «Самұрық-Қазына» қорының Қытайдың ішкі нарығында орналастырған панда-бондтарды ұлттық компаниялар арасында қайта бөлуі деп бағалап отыр. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» алғаш рет Қытайдың ішкі нарығында 3 млрд юань көлемінде панда-бонд шығарып, AIX биржасы оны Орталық Азияға берілген ең арзан қарыз деп сипаттаған.
Finmentor.kz Telegram-арнасының жазуынша, «Самұрық-Қазына» Қытай нарығынан тартқан қаражатты еншілес компаниялардың жобаларын қаржыландыруға бағыттап жатыр. Бұған ҚТЖ мен «Самұрық-Энерго» облигацияларының өтеу мерзімі қордың 2029 жылы өтелетін панда-бондтарымен сәйкес келуі дәлел бола алады.
Осы аптада «Самұрық-Энерго» компаниясы да 731 млн юань көлемінде облигация шығарған. Сонда «Самұрық-Қазына» Қытайдың ішкі нарығынан юаньмен тартқан қысқа мерзімді 3 млрд юань қарыздың 2,25 млрд юані қазірдің өзінде қордың портфельдік компаниялары арасында үлестіріліп үлгерді деген сөз.
Шын мәнінде юаньмен берілетін панда-бондтар доллармен берілетін еурооблигацияларға қарағанда арзан. Бірақ еурооблигациялардың мерзімі панда-бондтардың мерзімінен 2-4 есеге дейін ұзақ. Осының арқасында қарызды қарызбен жабуға итермелейтін қысым аз. Ал панда бондтардың пайызы төмен болғанмен, мерзімі қысқа. Бұл қарызды қарызбен өтеу қатерін көбейтеді.
Бұған дейін ҚТЖ 3,2 трлн теңге берешегі бар ҚТЖ тағы $1 млрд қарыз алатынын жазған едік. Кейін ұлттық теміржол компаниясының қарызы 4,7 трлн теңгеге жеткені мәлім болды.