TOP-1Сараптама

ІІ дүниежүзілік соғыстағы демографиялық шығын: Қазақстан мен Ресей зерттеушілерінің көзімен

Қазақстан – 9 мамырды ұлттық идеологияның маңызды бөлшегі ретінде сақтап отырған санаулы посткеңестік мемлекеттің бірі. Tizgin.kz бүгінгі материалда адамзаттың фашизмді жеңуіне қазақ халқының қосқан үлесін, сол жолда шеккен зардабын Қазақстан мен Ресей ғалымдарының зерттеулерін салыстыра отырып талдайды.

«Орыс халқын үлкен аға тұтқан» ұлттар ерлігі

Ресей ғалымдары Қазақстанның соғысқа қосқан үлесін жоққа шығармайды. Бірақ ашық жарияланған еңбектердің көбінде қазақ елі кеңестік әскери-шаруашылық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Қазақстанның майданға жіберген адами ресурсы, өнеркәсіптік және материалдық көмегі нақты сандармен сипатталады да, адам шығыны мен ұлттық трагедия мәселесі салыстырмалы түрде әлсіз көрініс табады.

Мысалы, демограф-тарихшы Г.Е. Корниловтың «Демографические потери СССР в Великой Отечественной войне» атты 2024 жылы жарияланған еңбегінде 1941 жылы 1 қаңтарда Қазақстан халқы 6 млн 405 мың адам болғаны, ал 1945 жылғы 1 қаңтарда 6 млн 133 мың адам қалғаны айтылады. Ғалым осыны негізге алып, соғыс жылдарында республикадағы демографиялық кему 272 мың адам болған немесе бүкіл халықтың 4,2%-ы қысқарған деп көрсетеді.

“Тылда қалған республикаларда шайқас болған жоқ. Бірақ ол елдер де халқының бір бөлігін жоғалтты: Әзербайжан КСР – 558 мың (16,7%), Түрікмен КСР – 195 мың (14,6%), Өзбек КСР – 688 мың (10,3%), Тәжік КСР – 153 мың (9,8%), Грузин КСР – 413 мың (8,8%), Армян КСР – 120 мың (8,8%), Қырғыз КСР – 153 мың (7,4%) және Қазақ КСР – 272 мың (4,2%). Бұл істе әскери жұмылдыру мен кері табиғи өсім өз рөлін ойнады”, – деп жазады зерттеуші.

Алайда бұл жерде бірнеше методологиялық мәселе туындайды. Автор адам шығынын есептегенде соғыс жылдары Қазақстанға сырттан қоныстандырылған халықтың демографияға тигізген әсерін толық ашпайды. Яғни көрсетілген 4,2% – таза шығын ғана емес, халық қозғалысының жалпы балансы. Зерттеуде эвакуация мен көші-қон әсері ескерілмеген.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының IV сессиясында елге соғысқа дейін және соғыс кезеңінде шамамен 1,2 млн адамның көшірілгенін айтқан болатын. Осы фактіні ескерсек, Қазақстандағы соғыс жылдарындағы демографиялық жағдай Корнилов көрсеткеннен әлдеқайда күрделі болғаны байқалады.

1941-45 жылдары Беларусьте халық шығыны 20-25%, Украинада 15-20%, Ресейде 12-15%, Өзбекстанда 10,3%, Түрікменстанда 14,6%, Қырғызстанда 7,4%, Тәжікстанда 9,8%, Әзербайжанда 16,7%, ал Қазақстанда небәрі 4,2% деп көрсетілген. Майдан өтінде қалған Украина, Ресей, Беларусьтен бөлек, соғыс алаңынан бізден де қашық жатқан Өзбекстан мен Түрікменстан, Қырғызстанның демографиялық шығыны Қазақстаннан жоғары болғаны айтылады.

Тағы бір ресейлік зерттеуші В. Павленконың еңбегінде Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының соғысқа қосқан үлесі негізінен кеңестік патриотизм дискурсы арқылы сипатталады. Мұнда Қазақстан дербес емес, көбіне «Орта Азия және Қазақстан» деген біртұтас кеңістік ретінде беріледі.

Автордың мәліметінше, Қазақстан халқы майдан қажетіне өз меншігінен:

  • 773 млн рубльден астам қаржы;
  • 29 мың тоннадан астам азық-түлік;
  • 2,5 млн-нан астам жылы киім;
  • 1845 вагоннан астам жүк жинап жөнелткен.

Қырғыз Республикасынан майданға 50 мың жылқы жіберілгені нақты айтылса да, Қазақстан бойынша мұндай дерек бөлініп көрсетілмейді.

“Тарихи тұрғыдан КСРО-дағы жеке халықтардың патриотизмі орыс халқын «үлкен аға» танудан ажырамайтын, «біртұтас отбасы» сезімінен қалыптасты. Әр халық өзін құл болу қатерінен құтқара отырып, өзге халықтармен бірге біртұтас отан – Совет одағын қорғады”, – деп жазады автор.

Мәскеу архивтің құнды құжаттарын әлі ашпай отыр

Қазақстандық зерттеушілер, керісінше, демографиялық және әлеуметтік шығын мәселесін көбірек көтереді. Мәжіліс депутаты, тарихшы Еркін Әбіл БАҚ-қа берген сұхбатында Қазақстаннан соғысқа шамамен 1,2 млн адамның аттанғанын, 600 мыңнан астамының қаза тапқанын, 270 мыңға жуығының із-түссіз жоғалғанын айтады.

Ол еңбек армиясына алынған қазақстандықтардың саны кемінде 100 мыңнан асатынын, бірақ бұл мәселе әлі толық зерттелмегенін атап өтеді.

“Себебі көптеген архив құжаттары Ресейде сақтаулы және әлі күнге дейін жабық күйде қалып отыр, – дейді ол.

Тарихшы Әнуар Исмаилов «Книга памяти Казахстана» деректеріне сүйене отырып, Қазақ КСР-інен 1 366 164 адамның жұмылдырылғанын және шығын көлемі 601 011 адам болғанын келтіреді.

«Боздақтар» жинағында 1941-45 жылдары майданға Қазақстан халқының 21,2%-ы жұмылдырылғаны айтылған. 1941 жылдың басында Қазақстан халқының саны 6 млн 425 мың болғаны да көрсетілген. Демек, әр бесінші қазақстандық соғысқа кеткен.

Жинақта тек 1943 жылы ғана армия мен флотта 177 455 қазақстандық қызмет етіп жүргені, 21 714 адамның госпитальде емделіп жатқаны баяндалады. Сонымен бірге соғыста қаза тапқан совет жауынгерлерінің шамамен 1,5%-ы қазақтар болғаны айтылады.

“Қазақ КСР жөніндегі деректердің толымсыз сипаты елдің батысындағы облыстар Орынборға бағынышты Оңтүстік Орал әскери округіне қарағанымен байланысты деп түсіндіріледі. Қазіргі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының мәліметтері нақтылауды қажет етеді. Өйткені Қазақстанның әскери комиссариатына бұл өңірлердегі соғысқа жұмылдыру барысы туралы ақпарат үздік-создық түсіп отырған”, – дейді зерттеуші.

Елшіліктің есебі

Қазақстан зерттеушілерінің нарративі Ресей ғалымдарының ұстанымынан гөрі Ресей елшілігінің деректерімен сәл-пәл үндеседі.

Жеңістің 70 жылдығына арналған жинақта 1 млн 350 мың қазақстандық соғысқа алынып, олардың тең жартысы елге қайтпағаны жазылған. Сонымен қатар, Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 бригада мен 50 полк жасақталғаны айтылады.

Бұл жинақта Қазақстандағы зауыттардың 4 жыл ішінде 4,7 млн мина, 4 млн артиллериялық снаряд шығарғаны көрсетіледі. «Қызыл армия сарбаздары жауына қарсы атқан әр 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған» дейтін пафосты дерек жинақта тарихи факт ретінде берілген.

Ал Жеңістің 80 жылдығына арналған жаңа жинақта бұл деректер қайта қаралып, соғысқа алынған адам саны 150 мыңға кемітіліп берілген. Онда Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам алынғаны, олардың 600 мыңнан астамы қаза тапқаны жазылған.

“Соғыс жылдары Қазақстанға 580 мыңдай адам эвакуацияланды. 700 мыңнан астам қазақстандық еңбек армиясына жұмылдырылды. Қазақстан соғыс өнеркәсібіне қажет мыс, қорғасын, молибден, полиметалл өндіруде жетекші орында болды, – делінген жинақта.

Қарағанды көмір бассейнінде соғыстың төрт жылында өндірілген көмір көлемі бейбіт кезеңнің 86 жылындағы көрсеткіштен асып түскені де осы деректерде айтылады.

Түйіндесек, Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыстағы рөлі туралы екі елдің ғылыми деректері ұқсас. Бірақ соны түсіндіру тәсілі әртүрлі. Ресейлік зерттеушілер Қазақстанның соғыс тарихын кеңестік жүйенің ажырамас бөлігі ретінде, тылдағы ресурс көзі деңгейінде қарастырады. Ал отандық зерттеушілер Қазақстанның бұл соғыстағы шығыны майдан өтінде болған Еуропа мемлекеттерімен шамалас екенін нақты фактімен дәлелдеуге тырысады. Бірақ екі тарап та елдің соғыстағы рөлін патриоттық риторикада, идеологиялық реңкте тәпсірлейді. Ал қантөгістің халыққа тигізген демографиялық, әлеуметтік, психологиялық зардабы ғылыми тұрғыдан әлі де толық ашылмай отырғаны байқалады.

Back to top button