Қоғам

Халықаралық тәжірибеден ұлттық капиталға: «Болашақ» қауымдастығының ширек ғасырлық трансформациясы

Тәуелсіздік жылдары елімізде атауы аттандаған, мақсаты асқақ талай бағдарламалар, доктриналар мен құжаттар қабылданды. Бірақ, өкінішке қарай, олардың барлығының бірдей «атына заты сай» болды дей алмаймыз. Конъюнктураның өзгеруі ме, қаржыландырудың сарқылуы ма, әлде жобалардың бастапқы мәнінің жоғалуы дейсіз бе, әйтеуір, себеп көп. Алайда, «Болашақ» бағдарламасының тарихи және іс жүзінде өз атауына толық сай келетін нағыз бастама болғанына ешкімнің күмәні жоқ деп үміттенеміз.

Десе де, Қауымдастығымыздың құрылғаннан бергі бүкіл қызметімен терең әрі жан-жақты танысып шығуды ұсынамыз. Бұл жай ғана атқарылған жұмыс туралы есеп емес – бұл халықаралық тәжірибенің ұлттық капиталға қалай трансформацияланғанының жылнамасы деуге болады.

Жылнама мамырдан басталады

Қазақстан Республикасы Президентінің «Bolashaq» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары Қауымдастығы» тарихы – бұл жоғарыдан түскен қатырма қалыптағы қасаң құжат емес, өз-өзінен туындаған табиғи үдеріс еді. 2001 жылдың 7 мамыры күні қауымдастық толыққанды қоғамдық бірлестік ретінде тіркелді. Ол кезде бұл батыл әрі бұрын-соңды болмаған қадам болатын. Әлемнің ең үздік университеттерін тәмамдап, елге оралған алғашқы түлектер бірегей жағдайға тап болды: олар ең озық білім иелері бола тұра, бар қабілеттері мен машықтарын сол кездегі дамушы елдің күйбеңіне бейімдеумен бетпе-бет келді.

Аталған шақта оларды игі, бірақ прагматикалық мұрат біріктірді десек, қателеспейміз. Ол – стипендиаттардың келесі буынына қолдау көрсету және ең бастысы, мемлекеттің нақты мәселелерін шешу үшін белсенді, прогрессивті жастардың әлеуетін біріктіру мақсаты еді. Бұл болашақтықтар өз білімдерінің жақсы өмір, жайлы тірлік үшін шетелге кетудің жолы емес, керісінше, туған жерінде еңбек етуге арналған қуатты құрал екенін дәлелдеген қалыптасу кезеңі болатын.

Бүгінде мүшелерінің саны 2576 адамға жеткен және Қазақстан аумағында 6 өкілдігі бар Қауымдастық бұл мехнатты межені тұрақты механизмге айналдыра алғанын сеніммен айтуға болады. 2001 жылдан бері оның мүшелері білім беру, білім трансфері, сараптамалық әлеуетті қалыптастыру, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді дамыту салаларында 150-ден астам әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар, Қауымдастық гранттарының есебінен 25 жаңа кәсіпорын ашылды. Ең жарқын әрі танымал бастамалар қатарында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Bolashak Business support Club», «Startup Bolashak» стартап-жобалар байқауы, жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Мансап орталығы», қысқы қайырымдылық балдары, сондай-ақ көшбасшылық пен кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға арналған тренингтер бар.

Оқу-ағарту саласына да айрықша назар аударылды. «Біздің білім – елімізге» жобасы аясында 13 жыл ішінде еліміздің ЖОО-ларында түлектердің қатысуымен 700-ге жуық дәріс ұйымдастырылды. Оқушылардың білімі мен кәсіптік бағдарын кеңейтуге арналған «English for Jastar» және «Болашаққа сеніммен» жобалары да табысты жүзеге асты. Тек соңғы айдың өзінде Түркістан облысындағы «Bolashaq Qadam» жобасы аясында 17 аудан мен қаладағы 940 мектептің 28 мың оқушысы онлайн форматта кәсіби бағдар беру дәрістерімен қамтылды.

Патриотизм математикасы: стипендиаттар мансабын туған елінде құруды таңдайды

Қоғамда ұзақ уақыт бойы елдегі ең озық ойлы жастардың шетелге жылыстауы, оқуын тәмамдаған соң, батыстағы алпауыт корпорацияларда қалып қоятын мамандарды даярлауға Қазақстанның қыруар қаражат жұмсайтыны туралы алып-қашпа әңгіме жүргені рас. Бағдарламаның 33 жылдық жұмысы барысында жиналған статистика бұл мифті жоққа шығарды.

Осы уақыт ішінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарында 13,2 мыңнан астам кәсіби маман даярланды. Бүгінгі таңда 10 922 түлек келісімшарттық міндеттемелерін толық орындаса, 2 280 адам еңбекпен өтеу мониторингінде тұр. Олардың ішінде 2 245 адам (98,4%) ел ішінде сәтті жұмысқа орналасқан және өз міндеттемелерін орындауда. Тек 35 адам (1,6%) ғана жұмыс іздеу сатысында. Бұл – адам капиталына салынған мемлекеттік инвестициялар тиімділігінің айқын көрсеткіші.

Инвестиция қайтарымының нақты деңгейін өлшеу оңай емес, бірақ ол жұмсалған қаражаттан кем дегенде ондаған, тіпті жүздеген есе асып түседі. Жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен салықтар арқылы экономикаға қосылатын тікелей үлестен бөлек, құтқарылған өмірлер мен жүйелі реформалардың құны баға жетпес жоғары. Мәселен, қазіргі күнделікті өмірімізді онсыз елестету қиын болатын ХҚКО (ЦОН) сияқты жаңашылдықтарды дәл осы стипендияның алғашқы түлектері енгізген болатын.

«Ал, қайда сол түлектер?» дейсіз ғой… Олар қазіргі қазақстандық экономика мен әлеуметтік саланың айтулы мамандары. Бүгінде «болашақтықтардың» 45%-ы жеке сектор және кәсіпкерлікке бет бұрған. Бұлар жаңа жұмыс орындарын құратын, инновациялық бизнес-модельдерді енгізетін, салық төлейтін және шағын мен орта бизнесті алға жетелейтін жандар. Стипендиаттардың 25%-ы мемлекеттік құрылымдарда қызмет етуде. Бұлар мемлекеттік аппаратты жаңғырту жолында күнделікті еңбек етіп, оны барынша ашық әрі тиімді етуге үлес қосып жүрген технократтар. Ал 18%-ы ұлттық компаниялардың мамандары. Әлемдік аренада еліміздің негізгі стратегиялық активтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын мамандар. Қалған 12%-ы білім, медицина және ғылым саласында еңбек етуде. Бұл ұлт саулығы мен болашақ ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын зияткерлік элита.

Бұл сандардың артында жай ғана мансап емес, нақты адам тағдырлары тұр. Жыл сайын «болашақтықтардың» медициналық қанатының өзі 200 мыңнан астам адамның өмірін сақтауға ат салысып келеді. Мысалы, бұрын науқастар Еуропаға немесе Оңтүстік Кореяға барып, жалғыз баспанасын сатып немесе қаржы жинап жасататын ашық жүрекке жасалатын бірегей оталарды енгізу енді қазақстандық клиникаларда қалыпты жағдайға айналды. Бұған қоса, 2022 жылдан бастап дәрігерлердің ауыл тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету үшін шалғай өңірлерге шығу бастамасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бұл – бағдарламаның тікелей, көзге көрінетін нақты нәтижесінің бірі ғана.

Білім мен ғылым саласындағы үлестері де орасан зор. 842 «болашақтық» мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары ретінде бір күнтізбелік жылда 145 мың оқушы мен студентке білім береді. Ал профессор ғылыми атағы бар 150-ден астам түлек әлемнің жетекші басылымдарында жылына мыңнан астам ғылыми мақалалар мен зерттеулер жариялап, еліміздің ғылыми әлеуетін паш етуде.

 Ұлттық код, инклюзия және жаңа стратегия

 «Болашақ» түлектері ұлттық мәдениет пен тілді дәріптеуде тарихи жобаға бастамашы болып, Голливудтың ең қатаң стандарттарына сай әлемдік деңгейдегі 38 фильм мен Disney жауһарларын («Коко құпиясы», «Көліктер» т.б.) таза қазақ тіліне дубляждады. Бұл жай ғана ермек емес, миллиондаған қазақстандық балалардың сүйікті кейіпкерлері арқылы ана тілін бойына сіңіруіне жол ашқан стратегиялық қадам әрі нағыз мәдени феномен болды.

Қауымдастықтың әлеуметтік саладағы жүйелі еңбегінің арқасында мемлекеттік деңгейде Қазақстанның 26 қаласында инклюзияны қолдайтын 79 мамандандырылған кабинет ашылды. Бұрын оқшауланған ерекше білім беруді қажет ететін балалар кәдімгі мектептерде оқып, құрдастарымен араласуға және қоғамға толыққанды сіңісуге мүмкіндік алды. Ал мыңдаған отбасының өмірін өзгерткен бұл дабырасыз революцияны бүгінде жеке дербес «Bolashaq Charity» ұйымы жалғастыруда.

  «Сараптамалық цехтар» – ұтымды шешімдер ұстаханасы

 Бүгінде Қауымдастықтың практикалық қызметі жиырмаға жуық бейінді клубтан тұратын берік іргетасқа негізделген. Бұл клубтар бизнес, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, білім және ғылым, медиа, заң және тәртіп секілді мемлекеттік маңызы бар барлық салаларды қамтиды. Және олардың әрқайсысы нағыз «сараптамалық цехтар».

Осы уақытқа дейін бұл бірлестіктер жүздеген жобаларды жүзеге асырды. Мысалы, Business Support Club аясында «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, компаниялардың тиімділігін арттыру мақсатында қазақстандық бизнесті диагностикалау, оқыту және практикалық шешімдерді енгізу арқылы сараптамалық қолдау жұмыстары басталды. Ең маңыздысы – 2021 жылдан бастап Endowment Fund аясында бұл бастамалардың барлығы тек өз қаражаты мен түлектердің өздерінің меценаттық қолдауы есебінен ғана іске асырылуда.

Жаңа миссия: Ғылым мен білім арқылы прогрессивті әрі әділетті қоғамды нығайту

 Қауымдастықтың жаңа тыныс алуы еліміздегі аса маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Бүгінгі таңда біздің басты миссиямыз айқын. Ол – мемлекеттік маңызы бар шешімдерді әзірлеу үшін түлектердің орасан зор әлеуетін жұмылдыру. Мемлекет стипендиаттарға қыруар ресурс жұмсады, енді, соның қарымын қайтаратын кез келді.

Қауымдастық саясаткерлікпен емес, сараптамамен айналысады. Біз ел президентінің реформалар бағытын толығымен және кәсіби түрде қолдаймыз. Біздің зияткерлік әлеуетіміз ғылым мен білім арқылы прогрессивті әрі әділетті қоғамды нығайтуға бағытталған. Кез келген қарым-қатынастың басты принципі мен іргетасы Заң мен Тәртіп идеологиясы болып табылатын қоғам орнату.

25 жыл ішінде «Болашақ» қауымдастығы елдің негізгі салаларында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың қуатты қауымдастығына айналды. Біз жоғары кәсібилік шынайы патриотизммен ұштасқанда, орасан зор жасампаз күштің энергиясы дүниеге келеді дегенге сенеміз.

Мақала авторы: Жәнібек Катренов — «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы,

«Samga Petroleum» компаниясының бас директоры, инженер-геофизик.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі

(Montana Technological University, АҚШ, Тау-кен ісі саласындағы инженерия, 2005-2008 жж., PhD).

Back to top button