Жамбыл облысында кене шаққан ер адам көз жұмды
Жамбыл облысында кене шаққан ер адам қауіпті безгектен көз жұмды. Шу ауданында ауру жұқтырған малшы дер кезінде екпе алмай, ауруы асқынып кеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МАЛ ҚҰРТТАП ЖАТЫР
КТК арнасы мәліметінше, қазір зиянкес жәндік шаққан үш жүздей адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Олардың қанынан қауіпті қызба белгілері табылмапты.
Аталған облыста маусым басталғалы жайылымдағы малшылардан маза кеткен. Малдың сауырына жармасқан жәндіктерге қарсы күреспесе, төрт түлік шығынға ұшырауы мүмкін көрінеді. Байзақ ауданындағы малшылар кенеден келген кеселден төрт-түлік қатты зардап шегіп отырғанын айтады.
“Құмның орнында көп. Отырған жеріңде атпен отырсаң да, былай отырсаң да, құмның астынан кене шыға береді. Қазір ол жақта кененің кесірінен малдар құрттап жатыр. Жаңа туған қозылардың жұмсақ жері – төсіне жармасады. Кене шағады, оның орнын қасиды, тебінеді, қанайды, содан кейін құрттайды”, – деді малшы Жұмабай.
ДЕПАРТАМЕНТ МӘЛІМЕТІ
Өрістегі малдың мазасын алған жәндіктер адамдарды айналып өтпеген. Табиғат аясында тыныстауға шыққан жүздеген адамды кене шағып, инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Олардың басым бөлігі – жұқпалы аурудан аман. Ал кенеден келетін кеселді елемей, уақыт өткізіп алған малшыны құтқару мүмкін болмапты.
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Нелли Мүлікованың сөзінше, мұндай жағдайдың алдын алу үшін бірден ауруханаға барып, екпе алу қажет.
Қазір халықты қауіпті індеттен қорғау үшін көктемгі зерделеу басталды. Аурудың табиғи ошағы саналатын жерлерден 2700-ден астам кене жиналып, зетханаға жіберілді. Нәтижесінде 151 кенеден қауіпті безгектің жұқтырғышы анықтылып отыр”, – деді ол.