Жаңалықтар

Швейцариялық ұшақ Алматыға шұғыл қонып, ұшқыш ауруханаға жеткізілді

Ұшақ Сеул – Цюрих бағыты бойынша ұшып бара жатқан

Алматы әуежайында SWISS әуе компаниясының Сеул – Цюрих бағыты бойынша ұшқан ұшағының шұғыл қонуына қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«2026 жылғы 6 мамыр күні сағат 12:48-де Алматы халықаралық әуежайына Airbus A350 ұшағы шұғыл қонды. Ұшақ Swiss Air әуе компаниясына тиесілі болған және Сеул – Цюрих бағыты бойынша ұшып бара жатқан.

Қонудың себебі – екінші ұшқыштың жағдайының нашарлауы, оған жедел абдоминалдық синдром күдігі қойылған. Ұшақ қонған сәтте әуежайдың медициналық қызметі дайын тұрған. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін белгіленген тәртіпке сәйкес науқасты келген қалалық жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Қажетті тексеруден өту және әрі қарай ем алу үшін ұшқыш №4 қалалық ауруханаға жеткізілді», – деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін SWISS әуе компаниясының ұшағы Қазақстан аумағы үстінде дабыл белгісін беріп, бағытын өзгерткені белгілі болған еді. Бас көлік прокуратурасы қону сәтті өткенін хабарлады.

Tages-Anzeiger швейцариялық басылымның мәліметінше, ұшақ бортында үш дәрігер болған. Олар қонуға дейін экипажға көмек көрсеткен. Дәрігерлермен кеңескеннен кейін әуе кемесінің командирі ұшқышқа жедел көмек көрсету үшін ұшақты Алматыға бағыттау туралы шешім қабылдаған.

Swiss International Air Lines — Швейцариядағы ең ірі әуе тасымалдаушылардың бірі және Lufthansa концернінің құрамына кіреді.

Back to top button