Жаңалықтар

Оралда өлім себебін жасыруға тырысқан сарапшыға үкім шықты

Сарапшы жалған қорытынды бергені үшін сотталды

Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облыстық сот сараптамалары институтының сарапшысы М. Жонысовқа үкім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Прокуратура мәліметінше, сарапшы өз қорытындысында дене жарақаттарының жоқтығын және мәйіттің шіру өзгерістеріне байланысты өлім себебін анықтау мүмкін емес екенін көрсеткен. Алайда эксгумациядан кейін Астана мамандары жүргізген комиссиялық сот-медициналық сараптама нәтижесінде адамға тірі кезінде келтірілген көптеген дене жарақаттары анықталған. Оның ішінде адамның қабырғалары мен тіл асты сүйегі сынғаны анықталған.

“Кінәсін мойындамағанына қарамастан, мемлекеттік айыптаушы сотта айыптың дәлелді әрі бұлтартпас айғақтарын ұсынды. Нәтижесінде, сот бастапқы сараптамалық қорытындының нақты деректерге сәйкес келмегенін және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарын жаңылыстырғанын анықтады”, – делінген хабарламада.

Сот оны қылмыстық кодекстің 420-бабы 1-бөлігі (сарапшының көрінеу жалған қорытынды беруі) бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 2 ай 12 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Back to top button