TOP-2Пікір

«Түсінетін адам түсінеді»: Жаңбыршин өзіне қарша бораған сынды қалай қабылдайды

Депутат сын пікірлерге назар аудара қоймайтынын мәлім етті

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге кейінгі кезде сынның қарша борағаны белгілі. Тіпті депутаттың отставкасын талап еткендер бар. Осы жөнінде не ойлайтынын, сынды қаншалықты қабылдағанын Tizgin.kz депутаттың өзінен сұрап көрді.

Депутаттың отставкасын талап еткендердің үні қаттырақ шыға бастаған тұста бірнеше депутат Еділ Жаңбыршинді қолдап, әлеуметтік желіге жазба қалдырған.

“Саясатта жас кезімнен келе жатқан адаммын. Үлкен саясатта болмасам да, өңірлік саясатта халықпен жұмыс істеу бала кезімнен қалыптасқан. Сондықтан критика, пікірлерге көп көңіл аудармаймыз. Себебі ел болғаннан кейін біреу мақтайды, біреу даттайды, біреу боқтайды. Оның әрқайсысына жармасып жүре беретін болсаң, негізгі бағытыңнан айырылып қаласың”, – дейді депутат.

Депутат ең бастысы, жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі, жазылып жатқан заңдар екенін атап өтті.

“Білетін адам оны біледі, түсінетін адам түсінеді. Көріп жатқан адамдар бар. Сондықтан ол саясаткердің артында еріп жүретін әңгіме. Қазақта “өсекке ілінбесең, есекке ілінбейсің” деген сөз бар”, – дейді Еділ Жаңбыршин.

Мәжілісмен кейінгі кезде өзіне айтылған сынның көбі жануарларды қорғау туралы заң жобасымен байланысты екенін атап өтті. Сөзінше, бұралқы иттерден елдің бәрі қорлық көріп отыр.

“Оны қорғаштайтын да қауым бар. Олар осылай арнайы шу шығарып отыр деп есептеймін. Бірақ бәріне прагматикалық әрі рационалды тұрғыдан қарауымыз керек. Бізге адамдардың өмірі маңызды. Осыған орай, бүгін ол заңның моделін өзгертпей, қайтарымсыз аулау тұжырымдамасын бекітіп, Президентке жолдадық”, – деді ол.

Жануарларды қорғау туралы заң жобасы қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Жақында сенат осы мәселеге байланысты құжат жобасын мәжіліске қайтарған болатын.

Back to top button