TOP-2Эксклюзив

«Жайшылық емес»: Бапи биліктегі ауыс-түйіс жөнінде пайымын айтты

Депутат

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи билікте кешелі бері болған ауыс-түйіске не себеп болғаны жөнінде пайымын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Кейінгі кездері мемлекеттік органдардың әсіресе кадрлық мәселе туралы жұмысына наразылықтар туындаған сыңайлы. Алда мереке күндері келе жатыр. Екі мерекенің ортасында асығыс жағдайда не себепті Президент әкімшілігінің басшысын ауыстырды? Қандай асығыстық бар еді? Кім қуып келе жатыр? Жау қуып келе жатқан жоқ. Яғни, туындап отырған бір мәселе бар. Шұғыл әрекет жасаудың қажеттілігі туды деп ойлаймын”, – дейді Ермұрат Бапи.

Депутаттың пайымдауынша, елдегі кадрлар саясатына көп сұрақ туындаған.

“Елдегі саясатты Президент әкімшілігі және оның басшысы қадағалайды. Соңғы кезде жасыратыны жоқ, “кадрлық бизнес” деген пайда болды. Кадрлық тағайындау ол бизнеске айналып бара жатқан мәселе. Осындай мәселелердің жиынтығы айналып келгенде Президент әкімшілігінің басшысын ауыстырды ма деген менде ой бар”, – дейді ол,

Ермұрат Бапи десе де, Қасым-Жомарт Тоқаев Айбек Дәдебайдың жұмысына алғыс айтқанын, ауыс-түйістің тігісін жатқызғанын айтады. Оны қалыпты кадрлық мәселе тұрғысында ишара білдіргенін атап өтті.

“Бұл саясаттың немесе дипломатиялық әрекеттің әсері ме, әлде елде бір үлкен сұрақ туғызбаудың, кикілжің оқиғалардың алдын алудың амалы ма – сондай болуы мүмкін. Дегенмен қалай болғанда да, мерекелік даталар қарсаңында осындай ауыс-түйіске бару жайшылық емес. Мұның астарында Президент шұғыл шешім қабылдау керектігі турасында тұжырымға келді деп ойлаймын. Алдағы Қарулы күштер күнін, Жеңіс күнін өткізіп ауыстыруға да болар еді. Яғни, шұғыл әрекетке баруға ықпал еткен ішкі құрылымдық мәселе туындады деп ойлаймын”, – дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент өз жарлығымен Айбек Дәдебайды басқа жұмысқа ауысуына байланысты Президенті әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатқан еді. Оның орнына бірінші вице-премьер болған Роман Склярды тағайындаған.

Ал бүгін Роман Склярдың күні кешеге дейін атқарған қызметіне премьер-министрдің бірінші орынбасары болып Нұрлыбек Нәлібаев келді. 

Back to top button